Kyzylorda-news.kz. Бүгінде қазақстандықтар зейнетақы жинағы қорындағы төлемнің белгілі бір бөлігін баспана алуға және емделуге жұмсай алады. Осы орайда көпшілікті зейнетақы қоры жинағындағы төлемге алынған үйді сатуға немесе сыйға тартуға бола ма деген сұрақ толғандырады. Бұл сұраққа «Отбасы банк» АҚ-ның баспасөз хатшысы Жанар Жолтаева жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Зейнетақы жинағына тұрғын үй сатып алған азаматтар аталған мүлікті 5 жылға дейін сата алмайды деген талап бар. Бұл талап зейнетақы жинағындағы соманы қолма-қол ақшаға айналдыру, алып-сатумен айналысудың және баспана бағасының негізсіз өсуінің алдын алу үшін енгізілді. Яғни биыл 23 қаңтардан кейін өтеу мерзімі 5 жылдан асатын ипотекалық займ рәсімделіп, алғашқы жарна ретінде біржолғы зейнетақы төлемі пайдаланылса, онда ол тұрғын үйді сатуға рұқсат жоқ. Алайда ипотекалық займды өтеу мерзімі тура 5 жыл немесе одан аз болса онда иесі үйді сата алады. Сондай-ақ, тұрғын үйдің алғашқы жарнасы өтініш берушінің жеке қаражатымен өтеліп, қалғаны ипотека арқылы ішінара зейнетақы жинағы қолданылса ол жағдайда баспана иесінің сату құқығы бар. Сатудан бөлек, үйді өз жақындарына сыйға да бере алады», – деді Жанар Жолтаева.

Оның айтуынша, зейнетақы жинағының бір бөлігін жұмсауда адамның жас ерекшелігі маңызды емес. Бастысы азаматтың кәмелет жасында болуы.

«Карантинге байланысты банкте адамдардың шоғырлануына жол бермеу үшін, барлық жұмыс онлайн жүріп жатыр. Сол үшін де зейнетақы жинағын төлемді алуға арналған арнайы платформа іске қосылды. Яғни өтініш беруден бастап, барлық рәсімдеу, жеке мәліметтерді енгізу секілді процестер толықтай сайт арқылы үйде отырып та жүзеге асыруға болады», – дейді ол.

Тағы да оқыңыз: