Kyzylorda-news.kz. Бүгінде әлемді шырмауына түсірген COVID-19 пандемиясы елімізді де өз құрсауына алды. Төтенше жағдай кезеңінде экономикалық және әлеуметтік өмірде орын алған түйіткілді мәселелерді жаңаша пайымдау, уақыт талабына сай қайта бейімдеу қажеттілігі айқын білінді.

Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауы көпшіліктің көкейінде жүрген «болашақ дамуымыздың бағдары қандай болмақ» деген сауалдарға толық жауап ұсынған, негізгі бағыттар мен нақты іс-қимылдарды көрсетіп берді.

ХІ базалық негізге топтастырылған Жолдаудың басты мақсаты Президентіміздің өзі атап өткендей «Қазақстанның жаңа әлемде өзінің лайықты орнын алуына» бағытталған.

Мемлекет басшысы Жолдауда «Ұлттың жаңа болмысы» атты мәселеге ерекше назар аударды. Бұл Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының түпкі мақсатынан туындайтын бүгінгі күннің көкейтесті мәселесі болып отыр.  

Жолдауда халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру арқылы тұтас ұлт сапасын арттыру қажеттілігі, ол үшін күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек екені айтылды. Сонымен қатар, ескіліктен арыла отырып, уақыт талабына сай «жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруы тиіс» делінді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұған қол жеткізудің алты негізгі қадамын белгілеп берді. Ол білім, адал еңбек, кәсіби дағды, тәртіп пен жауапкершілік, әділдік және адалдық. 

Бұл «нағыз қазақтың жаңа кейпі» болмақ. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін «Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ, ұлт сапасын арттыруға атсалысу», – деп зиялы қауымға үлкен сенім артты.

Осы орайда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы ретінде әрбір азаматты, зиялы қауым өкілін «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесінің орнығуы үшін күш жұмылдыра отырып, бірге жұмыс жасауға шақырамын.

Уалихан ИБРАЕВ

Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының

 басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты

Тағы да оқыңыз: