Kyzylorda-news.kz.  Қан майданға қатысқан қазақ жауынгерлері өз халқының аманатын толық орындап шықты деп бүгіндері зор мақтанышпен айта аламыз. Олар қиян-кескі шайқастарда асқан ерлік көрсете білді. Солардың бірі – отставкідегі подполковник Сағи Абатұлы АБАТОВ.

Ұлы Жеңістің 60 жылдық мерейтойына Астана қаласына арнайы шақырылған қарт майдангер Сағи Абатов Жеңіс шеруіне қатысып, еліміздің әр облысынан келген соғыс ардагерлерімен бас қосып, бір жасап қалды.

«Уақыт шіркін неткен жүйрік еді. Әне-міне дегенше, ХХІ ғасырға жетіп, Ұлы Жеңістің 60 жылдық тойын Елордамыз – Астанада тойлап жатырмыз. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген соғыс ардагерлері Елбасының қабылдауында болдық. Бұл күн енді айтулы оқиға ретінде есімізде қалады. Ұлы Отан соғысы деген қияметтің қарт тарихтың бетіне жазылғаны, Жеңіс даңқының жыл өткен сайын асқақтай беретіні осының айқын дәлелі. Өмірдің заңдылығы, уақыттың өлшемі, ұрпақтың бағасы деген осы болар. Ең өкініштісі, күн санап сол бір сұрапыл соғысты бастан кешкен майдангерлердің қатары сиреп барады», – деген қарт майдангердің сөзі күні бүгінгі көзі тірі әрбір соғыс ардагерінің алдында бас иіп, құрмет көрсетуіміздің керектігін, жауынгерлік дәстүрді жалғастырудың – баршамыздың азаматтық парызымыз екенін тағы да бір еске салып өткендей.

Иә, халықтың біртуар перзенті, елін қорғаған жауынгері атанып, оның ыстық ықыласына бөленген жандардың бойында әдетте қарапайым мінез бен адами қасиет басымырақ келеді. Көргені көп ондай ұлағатты кісілер «пәлендей ерлік жасадым, пәленді жойдым», деп кеуделерін соқпайды, салмақты, сабырлы бола түседі. Олардың бойындағы өздеріне ғана тән тектіліктің, мейірімділік пен ізеттіліктің бар сыры осы асыл қасиеттерінің астарында жатса керек. Қарт майдангер Сағи Абатов өзінің Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктерінен аса көп сыр шерте қоймаса да, оның омырауға толы ордендері мен медальдары талай тар жол, тайғақ кешуден өткенін айтқызбай-ақ дәлелдеп тұр. Олар «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені, «Ұлы Отан соғысының 60 жылдығы», Ұлы Жеңістің 30, 40, 50, 60 жылдығы мен Белоруссия жерінің фашистерден азат етілгеніне 25, 50, 55 жыл толу мерейтойларында берілген медальдарға қоса, тағы да басқа Ұлы Отан соғысына қатысты медальдары, сондай-ақ елімізге сіңірген ерен еңбегі үшін берілген «Құрмет белгісі», «Достық» ордендері, «Қазақстан Республикасының 50 жылдығы» сияқты жалпы медалдарының саны 14-тен асып жығылады. Ал әр жылдары берілген аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі Құрмет грамоталарының өзі бір төбе дерсің.

Сағи Абатов 1925 жылы Арал қаласында дүниеге келеді. Бозбала шағына жеткенде Сағи 1943 жылы майданға аттанады. Аптал азаматтардың өзін есеңгіреткен өмір мен өлім айқасқан сол бір сұрапыл кезеңді Беларусь жерінен бастағанда Сағи 18-ге енді ғана толған балғын жігіт еді. Бірақ ол жаспын деп жасымады, қайта қарша бораған оқ пен оттың, снарядтардың жойқын жарылысына бойы тез үйреніп, шыңдала түсті. Көп ұзамай автоматшылар ротасының бөлімше командирі болған Сағи теңдесі жоқ қанқұйлы ұрыстарда жаумен арыстанша арпалысып, ерлік үлгісін көрсете білді. Сөйтіп, 2-Белорусь майданы құрамында Белорусь және Украина жерін неміс басқыншыларынан азат етіп, жеңісті Шығыс Пруссияда қарсы алады. Сол майдан даласында жүріп, 1945 жылдың ақпанында окопта отырып, коммунистік партия мүшелігіне өтеді.

Жас коммунист соғыс біткеннен кейін әскери борышын Батыс Украина жерінде жалғастырады. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірді тұрақтандыру, шекара шебін бекіту, жеңіске жеткен әскердің қуатын нығайта түсу ісіне өзінің бар күш-жігерін жұмсайды. Сөйтіп, 1950 жылдың бірінші сәуірінде, жеті жылдан соң елге оралады.

«Мұндай соғысты енді қайтып ешкімнің, ешбір елдің басына бермесін. Бұл соғыстың салмағы Кеңес Одағындағы әрбір отбасына түсіп, зор қайғы-қасірет әкелді. Біздің кішкентай ғана Арал ауданының өзінен қаншама адамдар осы сұмдық сойқаннан оралмады десеңші. Бүгін міне, Ұлы Жеңістің 60 жылдық мерекесін көріп отырып, біз Аллаға мың мәртебе тәубе дейміз», – дейді Сағи ақсақал.

Отан үшін жан аямай от кешіп, елінің жарқын болашағын арам ниетті жаулардан қорғап қалған Сағи Абатов елге келісімен, соғыстан жұтап қалған халық шаруашылығына білек сыбана кіріседі. Мұнда ол Арал балық комбинатында комсомол комитетінің хатшысы, ал 1951 жылдың желтоқсан айынан бастап Арал аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып қызмет етті.

1955-1959 жылдар аралығында Алматы жоғары партия мектебін бітірген Сағидың білімі мен мол ұйымдастырушылық қабілеті ескеріліп, 1959 жылдан 1986 жылға дейін партия қызметінің жоғары лауазымдарында жауапты қызметтер атқару жүктеледі. Бұл жылдарда ол еліміздің халық шаруашылығының жан-жақты өркендеп дамуына зор үлес қосты. Өмірлік жұбайы Балзираш екеуі Жәми, Уәли, Әби, Тимур, Серік, Бақыт атты ұлдары мен Фарида қыздарын тәрбиелеп өсірді.

ХХ ғасырдың ең ауыр қасіреті Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында ортақ Отанымыздың еркіндігі мен азаттығын қолына қару алып қорғаған Сағи ақсақалға енді міне, араға алпыс жыл өткенде, өз алдына тәуелсіздік алған елінің кең тойланып жатқан Ұлы Жеңістің мерейлі мерекесін көруді жазыпты.

«Меніңше, туған халқыңды қас дұшпаннан қорғап, оған қалтқысыз қызмет етсең, кейін маңдай теріңнің жемісін көріп тұрып, кеудеңді қуаныш сезімі кернегенде, дәл бүгінгі мына мен сияқты толқуыңды әзер басып тұрсаң, одан артық бақыт бар ма?! Қане, айтшы, Нұрлан!», – деп, Астана қаласында орналасқан подполковник Ильсур Зариповтың басшылығындағы ішкі әскердің қамтамасыз ету батальонында сарбаздық мерзімді қызметін атқарып жүрген немересі қатардағы жауынгер Нұрлан Тимурұлы Абатовқа айтқанын есітіп тұрып, менің де кеудемді Жеңіс жауынгеріне деген қуаныш сезімі билегендей болды.

Немересінің басынан иіскеп, өсиетті сөздерін айтумен қатар қарт майдангер ішкі әскердің (қазіргі Ұлттық ұлан) «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналы редакциясына да ат басын бұрып, редакция ұжымымен кездесіп, суретке түсті, майдандағы естеліктерін жас тілшілерге әңгімеледі.

Он төрт жылдан бері Арал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы лауазымын атқарып келе жатқан отставкідегі подполковник Сағи Абатов туған жерге қайтарында:

«Немерелеріме (бір немересі Жасұлан Уәлиұлы Қызылорда қаласында тұрады) және сіздерге айтарым, біздер қан майданның ортасында, от пен қарша бораған оқтың ортасында жүріп, біріміз өліп, біріміз тірі қалып, небір қиыншылықты бастан өткерсек те, Ұлы Жеңіске деген берік сенімімізді жоғалтпадық. Енді міне, Жеңістің 60 жылдығының торқалы тойында егеменді еліміздің ұйымдастырып жатқан түрлі мәдени шараларының куәсі болып отырмыз. Көркейе бастаған жаңа Астананы көрдік. Еліміздің жаңа жетістіктеріне сүйсіндік. Бізге бұдан артық бақыт болмас. Сондықтан да еліміздің болашағына, ертеңіне деген сенімдерің ортаймасын! Ұлтымыздың жанашыры, елдің қорғаны бола біліңдер! Көгімізде көк байрағымыз желбірей берсін! Кең байтақ Отанымызда әрдайым жарастық пен жақсылық, тұрақтылық пен бейбішілік болсын! – деп ізгі тілегін айтты, батасын берді. «Атадан немереге жалғасқан жауынгерлік дәстүр ұзағынан болғай!» – дедік біз де.

Елін қорғаған ерлердің ерлік істері ешқашан ұмытылмайды! Ұлы Жеңіс жауынгерлерінің даңқтары асқақтай береді!

***

Сағи ағаның бір ұлы Тимурдың Алматыдағы шаңырағына қазір оның жан-жары Анна Федорқызы Абатова ұйытқы болып отыр. «Орнында бар оңалар» дегендей, Тимурдан қалған тұяқ – Нұрлан, Сәуле, Русландар ер жетіп, өз алдарына шаңырақ құрып, елге абыройлы еңбек етіп жатыр. Ұлты молдаван Анна досымыз қазақтың отбасына, қазақша айтқанда, тастай батып, судай сіңген жан. Қазақы салт-дәстүрді қазақтардың өзінен артық ұстанады десем, досым үшін мақтанғаным. Өз достарым мен құрдастарымның арасында «қазаққа нағыз қазақи келін болу үшін Анна сияқты Аралда үш жыл тұрып, қазыналы қарттардың, ауыл ақсақалдарының мектебінен өтіп келу керек» дегенді жиі айтамын. Бұл шын көңілден айтатын тілегім. Аннаның амандасқанда «Сәлем бердік!» деп иіліп, сәлем салуының өзі неге тұрады?!

Жалпы Тимур досым туралы айтар әңгіме көп. Тоқсаныншы жылдардың басында Алматы үй құрылысы комбинатының (АДК) атағы дүрілдеп тұрды. Сегіз мыңдай құрылысшысы бар алып комбинаттың бес мыңға жуығы жастар еді. Комсомол жастардың белсенділігі күшті болды. Осындай жұмысшы, құрылысшы жастары көп ірі өндіріс орнына Тимур Сағиұлы Абатов екеуміз қатар келіп едік. Мен «Құрылысшы» газетіне қызметке тұрдым. Қазақ тіліндегі редакциясын басқардым. Тимур өзінің қоғамдық жұмыстарға деген белсенділігі мен ұйымдастырушылығы арқасында комбинаттың комсомол ұйымына жетекшілік етуді қолға алды. Үлкен комбинаттың комсомол ұйымын басқара отырып, қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі комсомол жастардың басшыларымен қоян-қолтық жұмыс жасады. Қандай істі де дөңгелетіп әкететін Тимур «Құрылысшы» газетінің редакциясына жиі келетін. Мен ол кезде газет жұмысымен қоса үй құрылысы комбинаты мен Алатау аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы ретіндегі қоғамдық жұмыстарды қоса атқаратынмын. Тимур жастарды қоғамдық, мерекелік істерге ұйымдастыру, олардың демалысын көңілді өткізу, Алматы үй құрылысы комбинаты мен Алматы мақта-мата комбинатының жастарымен бірігіп жұмыс істеу жөнінде жақсы, тың идеялар айтатын. Сөйтіп, құрылыстың комсомол-жастары екі үлкен өндіріс ошағы орналасқан аудан көлеміндегі қазақ балалары мен қазақ мектептерінің санын көбейту туралы өткір мәселелерді қолдады.

Тимур нағыз көшбасшы, лидер болатын. Алматы қаласында Наурыз мерекесі алғаш тойлана бастаған шақта, «Қыз сыны», «Жігіттер сұлтаны» сияқты ұлттық салт-дәстүрлер сайысын өткізу кезінде де жарқылдап көрінді. Арал теңізінің жағасында, нағыз қазақи ортада туып-өскен Тимур барлық игі шараларды өзі ұйымдастырып, оның басы-қасында жүрді. Сондай игі шараның бірі де бірегейі – Алматы үй құрылысы комбинатында атақты ақын, көрнекті қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовпен өткен кездесу естен кетпес оқиға болып ел жадысында қалды. Кездесу барысында құрылысшы жастар атақты ақынның жақында ғана құрған «Невада – Семей» антиядролық қозғалысын кеңінен қолдайтындарын білдірді. Мыңдаған құрылысшы жиналған үлкен митингіде сөз сөйлеген Олжас ақын ядролық жарылысқа қарсы құрылған ұйымның халықтың қолдауы арқасында халықаралық қозғалысқа айналатынын айтты. Арада көп ұзамай осы халықаралық қозғалыстың – қоғамдық-саяси ұйымның тікелей араласуымен, халықтың, ел басшыларының қолдауымен Семей ядролық сынақ полигонының жабылғаны бұл күнде әлемге аян…

Иә, ол кезде жастар шынында да өте белсенді еді. Құрылысшы болса да спортты жан-тәнімен сүйген жастың бірі Тыныштықбай Қартабаев «Невада – Семей» қозғалысының белсенді мүшесі ретінде Семей жеріне, Қарауыл ауылына дейін велосипедпен барып қайтты. Кейіннен ол антиядролық қозғалыстың эмблемасы салынған футболкасын үнемі тастамай велосипедпен Қазақстанның біраз қалаларын, көрші Қырғыз елін де аралады. Алматыдан Ленинградқа дейін велосаяхат жасады. Алматы үй құрылысының комсомол жастар ұйымы мен «Құрылысшы» газеті осындай елеулі оқиғаларды кеңінен насихаттады…

Жастық шақ алыстаған сайын жаны жайсаң достар сағынышпен еске түседі. Сол кездің жарқын бейнесі Тимур дос алысқа кетпегендей, Алматыға барсам алдымнан шыға келетіндей көрінеді. Біз нағыз айырылмас дос едік. Шағын отбасыларға арналған жатақханада отбасымызбен де талай жыл көрші тұрдық, екі үйдің балалары бір шаңырақтың балаларындай бірге өсті.

Жастар жатақханасының үй-пәтер бөлу басқармасында істейтін Айтан Жұмашев дейтін жігіт те өз жұмысымен қатар, үлкенді-кішілі қоғамдық жұмыстардың бәріне белсене қатысатын еді. Өзі спортшы, өзі әнші дегендей сегіз қырлы, бір сырлы Айтан да жастар жетекшісінің нағыз көмекшісі болды. Міне, осы Тимур, Айтан және мен – үшеуміз жастармен бірге тауға да шықтық, көлге де бардық…

Тимур және оның нағыз командасы туралы жазарым мұнымен шектелмесе керек. Сәтін салсын…

Сәдуақас ЖҰБАТОВ

Тағы да оқыңыз: