Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының Арал ауданында 1942 жылы майданға аттанып, 1943 жылы сұрапыл шайқастардың бірінде қаза тапқан Ұлы Отан соғысының жауынгері Емберген Асайыновтың сүйегін қайта жерлеу рәсімі өтті.

Сарбаздың сүйегі Ресей Федерациясының Омск қаласынан Павлодарға, әрі қарай Арал қаласына жеткізілді. Ағайын-туыстарына жеткізілгеннен кейін, барлық әскери рәсімді сақтай отырып, сарбаздың сүйегі жер қойнына тапсырылды.

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына байланысты әр-жерлерде іздеуші топтары қарқынды жұмыс жасауда. Соғыс жылдарында хабарсыз кеткен біраз майдангерлердің дерегі анықталып жатыр. Ресей еліндегі «ОПОРА» Челябинск – Санкт-Петербург іздестіру орталығы мүшелерінің жұмысының нәтижесінде тағы бір жауынгердің дерегі анықталды. 2019 жылдың қараша айында Ресей Федерациясы Ленинград облысы Киров ауданы маңайынан соғыс кезінде оққа ұшқан үш жауынгердің мүрдесі табылған. Солардың бірі 327-ші атқыштар дивизиясында қызмет еткен, сарбаздың мойынтұмарын сараптаудан өткізу арқылы белгілі болған Арал ауданының тумасы – Емберген Аса­йынов.

Соңғы кездері Қазақстандық сарбаздардың сүйектерін іздестіруде және туған-туыстарына жеткізіп беруде«Майдан жолы» Павлодар іздестіру-зерттеу жасағы мен Ресей еліндегі «ОПОРА» Челябинск – Санкт-Петербург іздестіру орталығы мүшелерінің көрсеткен көмегін ерекше атап өткен жөн.

Әкем 63 жасына дейін әкесінің сүйегін жерлеп кетуді армандап өмірден озды. Міне, сол атамның сүйегін елге әкеліп жерлегісі келгенәкемнің арманы маған бұйырды. Бүгін марқұм әкемнің арманы орындалды. Біз әулетімізбен бұл іске өте қуаныштымыз және ризамыз, – деп Емберген Асайыновтың немересі Серік Емберген әскери қызметшілер мен іздестіру тобына алғысын білдірді.

Тағы да оқыңыз: