**Kyzylorda-news.kz.Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов Ұлттық біліктілік тестілеуінде тыйым салынған зат пайдаланған мұғалімдер туралы бейнеролик түсіріп, әлеуметтік желіде таратуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
**

«Ұлттық біліктілік тестілеуінде тыйым салынған заттарды пайдаланған мұғалімдерге қатысты бейнеролик шығарып, әлеуметтік желілер арқылы таратуды ұсынамыз. Өйткені, сөзбен де айттық, жиналыстарда да ескерттік. Тестілеу өтетін жерге білім басқармаларының өкілдері де келеді. Бірақ, өкінішке орай жағдайдың жақсаратын түрі жоқ. Мұғалімдер тыйым салынған заттарды қолдануға тырысады. Сондықтан біздің ұсынысымыз, нақты фактілер бойынша қай облыстың мұғалімі екендігін көрсетіп, бейнероликтер таратсақ», – деді Дидар Смағұлов Білім және ғылым министрлігінің онлайн форматта өткен аппарат жиналысында.

Осы орайда ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл ұсынысты заңнамалық тұрғыда қарастыру қажеттігін баса айтты.

«Өйткені, бұл жеке адамның құқығына қатысты. Әрине, біз бір жағынан ұстаздардың мәртебесі десек, екінші жағынан осындай келеңсіз жағдайлар болғанда оны да айтуымыз керек. Бес саусақ бірдей емес. Кейбір әріптестеріміз заңға қайшы қылықтары болса тиісті шара қолдануымыз қажет. Өте қатаң шара қолданылатын болады. Екі жұманың ішінде 296 мұғалім заңсыз әрекетке барған. Біріншіден, құқық қорғау органдары тиісті жұмыс жүргізіп бастады. Екіншіден, біздің комитет өз жұмысын бастауы тиіс. Үшіншіден, білім басқармалары, бөлімдер, мектеп басшылары әр факті бойынша қызметтік тексеру жүргізіп, нақты шара қолдануы керек. Академиялық адалдық деген осыдан басталады», – деді Асхат Аймағамбетов.

Тағы да оқыңыз: