Kyzylorda-news.kz. «Бастамаларды қолдау» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Арал ауданында «Ұлт саулығы – басты назарда» тақырыбында шара өтті.

Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Ербол Талекенов өңірдегі денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып өтсе, «Бастамаларды қолдау» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Жанат Сапаржанова «Ұлт саулығы – басты назарда» жобасы аясында жүргізілген зерттеулер жөнінде хабарлама жасады.

Мұнан өзге, шараға қатысқан аудандағы қоғам белсенділері мен тұрғындар денсаулық сақтау саласына қатысты проблемалармен бөлісті.

Атап айтқанда, тұрғындарды аудандық перзентхананың жүктілігі қиын жағдайдағы әйелдерді қабылдай алатын деңгейге өткенімен іс жүзінде жабдықталуында, дәрігерлердің біліктілігін арттыруда мәселе бар екендігі айтылда.

Сонымен бірге, аралдықтарды ауылдық елді-мекендерде мамандардың тапшылығы мен КТ, МРТ сынды құралдардың ауданда жоқтығы да мазалауда. Себебі аталмыш аппараттың жоқтығынан тұрғындар қажеттілік туындағанда өзге ауданға немесе облыс орталығына барып түсуге мәжбүр болады екен. Бұл қосымша қаржыны, сондай-ақ уақытты талап ететіні айтпаса да түсінікті.
Келесі мәселе дәрі-дәрмекке қатысты болып отыр. СК «Фармация» мекемесінің бекіткен шектік бағаның жоғары болуына байланысты тұрғындардың айтуы бойынша ауданда дәрі-дәрмектің бағамы да ұшып тұр. Салыстырма үшін, Ресейге қарайтын көрші «Байқоңырдағы» баға анағұрлым төмен көрінеді.

Мұнымен қоса, кездесуде портал арқылы ауруханаға жатудың мәселесі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін ем қабылдау жолдары, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін оңалту орталығының аудандажоқтығы салдарынан туындайтын проблемалар, т.б. талқыланды.

Шара қорытындысымен ұйымдастырушылар аталмыш мәселелерді тиісті орындарға жолдап, шешу жолдарын жергілікті атқарушы органмен бірге қарастыратындығын жеткізді.

Айта кету керек, «Бастаманы қолдау» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облысында «Ұлт денсаулығы – басты назарда» жобасын жүзеге асыруда.

Жобаны АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі (USAID) қаржыландыратын Орталық Азиядағы азаматтық қоғамды қолдау бағдарламасы аясында Еуразия қоры қолдауда.

Тағы да оқыңыз: