Төтенше жағдай: Қызылорда облысында 1497 онлайн мәдени шара қолға алынған – Kyzylorda News
Басты бет

Төтенше жағдай: Қызылорда облысында 1497 онлайн мәдени шара қолға алынған

16.04.2020, 17:40

891 0

Kyzylorda-news.kz. Онлайн баршаға оңтайлы жүйе. Бүгінде оның тиімділігі мәдениет саласында да байқалуда. Мұны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Басқарма басшысы карантин барлық жоспарды түбегейлі өзгерткенімен, оның адамдардың өнерге деген қызығушылығын бәсеңдетпегенін айтты.

– Төтенше жағдай жарияланғалы барлық шараларды онлайн форматқа көшірдік. Осыған дейін түрлі 1497 онлайн мәдени шара қолға алынды, нәтиже жаман емес. Оған 159 479 көрермен қамтылды, қаралым саны да жоғары. Арнайы медиа-жоспар әзірленді, тиісті жұмыстарды жалғастырудамыз. Бұл ретте әлеуметтік желінің пайдасы орасан. Біз барлық жобаларды, онлайн концерттер, қойылым, экскурсия, лекция, танымдық сағаттар мен виртуалды көрмелерді түрі желілерге орналастырудамыз. Әлеуметтік желілерге тіркелмеген тұрғындар бары да ескерілді. Басқарма Youtube бейнехостингінен «Сыр шаңырағы» каналын ашып, логотипін бекітті. Жоспарға сәйкес, күнделікті бейнематериалдар каналға енгізіліп отыр, – деді Мира Әбуова.

Бұдан бөлек басқарма басшысы 13-ші сәуірден бастап Алтын Орданың 750 жылдығына орай «Алтын Орда мемлекеті – Ұлы дала өркениеті» атты облыстық онлайн жазба ақындар айтысы басталғанын және оның көптің қолдауына ие болғанын алға тартты.

Брифингте желіні әсем әуендерімен көмкеріп жүрген облыстық филармония әншілері мен жыршы-термешілердің, өнер ұжымдарының еңбегі шет қалмады. Осы шаралар легі сәуір-мамыр айларында Youtube видеохостингі мен әлеуметтік желілерде «Шәмші әндері Сыр елінде» атты әндер шеруімен, «Мәртебелі классика» лекция-концерттерімен және тағы басқа мәдени шаралармен жалғаспақ.

Ал, архив саласында жоспар бойынша бекітілген жұмыстар қашықтан жүзеге асып жатқан көрінеді.

«Архивтік анықтамаларға сұраныстар электронды үкімет порталы (e-gov.kz) арқылы келіп түсуде және олар дер кезінде орындалып отыр», – деді ол.