Kyzylorda-news.kz. Татар этномәдени бірлестігінің ұлттық мерекесі Сабантой биыл Достық үйінің алаңында аталып өтті. Атаулы мереке шаһарымызда тұрып жатқан түрлі этнос өкілдерінің басын біріктіретін дәстүрлі мейрамға айналды.

18 жыл қатарынан тойланып келе жатқан мерекеде татар этносының көп жылдық дәстүрлері таныстырылып, ұлт достығы әспеттелді.

Сабантой – отбасылық, барша этностардың басын қосып, қуаныш сыйлайтын, ең бастысы халық арасында достық пен өзара түсіністікті қалыптастыратын мереке.

Салтанатты шараны облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі, облыстық қоғамдық даму басқармасының этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Уалихан Ибраев ашып, барша жиналған қауымды құттықтап өтті.

«Бүгін ынтымағы жарасқан Сыр өңірінде «Сабантой» мерекесін тойлаудамыз. Халқымыздың бейбітшілік пен достыққа, салт-дәстүрін ұлықтауға шақыратын бұл мейрамның, барлық этностардың мерекелері сияқты, біз үшін алатын орны ерекше. Сондықтан баршаларыңызды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! », – деді.

Өз кезегінде, Татар этномәдени бірлестігінің төрайымы Галия Гизатуллина облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Әбілдаевқа “Құмыра сындыру” рәсімін тапсырды.

Татарстан Республикасынан келген арнайы қонақтар Рамиль Айметдинов, Альфия Рамазанова назды даусымен жиналғандарға әсем ән арнап, Сыр халқына өнерлерін паш етті. Сондай-ақ, татар шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдар мен тәттілерден әзірленген көрме-жәрмеңкесі тамашаланды.

Мерекенің көркін кіргізетін ұлттық ойындар – татар күресі, арқан тарту, гір көтеру, қол күрес және тағы да басқа көптеген спорттық ойындар ойналды. Сабантойға келген қала тұрғындары көркемөнерпаздар концертін тамашалап, қызықты мерекелік ойындарға қатысты. Татар әндері орындалып, жан жадыратар билер биленіп жатты. Айта кету керек, ойындарда жеңімпаз атанғандарға арнайы сыйлықтар берілді.

Тағы да оқыңыз: