Kyzylorda-news.kz. Бүкіл әлемді алаңдатқан қауіпті індетке байланысты Қызылорда облысында карантиндік шектеулердің енгізілгеніне де көп бола қойған жоқ. Осыған орай, облыс аумағында блок-посттар құрылып, өз жұмысын бастағаны белгілі. Осы посттардың жұмыс істеу тәртібі қандай? Қауіпті індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген – дәрігерлер мен полиция қызметкерлері қалай еңбек етіп жатыр? Осы сұрақтарға жауап іздеп және бекеттердегі қайнаған тіршілікті өз көзімізбен көру үшін «Тұңғыш Президент саябағындағы» блок-постқа келген болатынбыз.

Халық қарасы – қалың, ал, автокөліктер – шұбатылған кезекте…

Блок-постқа жақын келген сайын жүрегің дүрсілдей бастайды. Себебі, мұндағы тіршілік – мүлдем басқа. Қанша ойламайын десең де, күн сайын тек фильмдерден ғана көріп жүрген түрлі қорқынышты картиналарды көз алдыңа әкеледі. Құдды, әскери кинодағылардай…

Мұндағы толған халық пен кезекте шұбатылған автокөліктерден аяқ алып жүру мүмкін емес.

Қалаға «Тұңғыш Президент саябағынан» кірер тұсқа 3 жолақты турникет-қоршаулар қойылыпты. Құқық қорғау органдарының қызметтік көліктері мен жәдел жәрдем көлігі де қаздай тізіліп тұр.

Турникет-қоршаулардың бойында ішкі әскер сарбаздары мен полиция қызметкерлері сап түзеген.

Ішкі әскер сарбаздары мұндағы қоғамдық-тәртіпті қамтамасыз етсе, полиция қызметкерлеріне блок-посттан автокөліктер мен қарапайым тұрғындардың өтуін қадағалау жүктелген.

Полицейлердің бір бөлігі – жаяу жүргіншілердің құжаттарын, яғни, тиісті анықтамаларын тексеріп жатса, енді бір бөлігі – автокөліктерді тиісті тәртіппен өткізу үшін зыр жүгіріп жүр.

Блок-посттан қалаға немесе қала маңындағы ауылдарға өту үшін – ең алдымен жүргізушілер қалалық әкімдіктен тиісті рұқсат алуы керек. Рұқсат берілсе, қалалық әкімдіктегі жедел әрекет ету штабы көліктің мемлекеттік нөмірін немесе жүргізушінің жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) полиция қызметкерлеріне берілген арнайы планшетке енгізеді.

Аталған екі нөмірдің біреуі планшеттегі базадан табылса, онда ол автокөлік еш қиындықсыз қала аумағына кіріп-шыға алады. Ал, жоқ болса, кері қайтарылады.

«Полиция қызметкерлері 12 сағат бойы тыным таппастан жұмыс жасайды»

«Тұңғыш Президент саябағындағы» блок-постта бізді қалалық Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Ермекбай Құдайбергенов қарсы алып, мұндағы атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Қызылорда қалалық Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Ермекбай Құдайбергенов

– Бүкіл әлемді алаңдатқан коронавирустық инфекция біздің облысымыздың тұрғындарына да үлкен қауіп төндіріп тұрғаны жасырын емес. Өңірдегі блок-посттар, ең алдымен, осы қауіптің алдын алу үшін қойылды. Қазіргі таңда Қызылорда облысы бойынша сыртта – үшеу, қаланың шыға беріс жерлеріне – бесеу, барлығы 8 блок-пост қойылған. Сырттағы блок-посттың екеуі – Жаңақорған ауданының территориясында. Оның ішінде, біреуі – Жаңақорған ауданы мен Түркістан облысының шекарасындағы Бесарық елді мекенінде, екіншісі – Жаңақорған ауданының ішкі жағындағы Шәуілдір, Ордабасы ауылдарына қарай кететін Көктөбе елді мекенінде орналасқан. Үшіншісі – Арал ауданының Сексеуіл кентіндегі Ақтөбе облысымен шектесетін шекарада тұр, – дейді Ермекбай Қасқырбайұлы.

Оның айтуынша, қалған 5 блок-пост Қызылорда қаласының шыға беріс желеріне орналастырылыпты.

– Олар – Баймұрат батыр және Белкөл ауылдарында, Жезқазған-Павлодар трассасының 13-ші шақырымында, Сырдария ауданына кететін жолдағы Қараөзек елді мекенінің тұсында орналасқан. Бесіншісі – осы біз тұрған «Тұңғыш Президент саябағының» аумағына қойылған, – дейді ол.

Ермекбай Қасқырбайұлы атап өткендей, бұл блок-посттарға әкімдік, санитариялық қадағалау, медицина мамандарын қоспағанда, полиция қызметкерлері мен ішкі әскер сарбаздары кезекшілікке тәулігіне 12 сағаттан түседі. Яғни, мұндағы сап түзеген сарбаздар мен полиция қызметкерлері 12 сағат бойы тыным көрмейді деген сөз.

– Әр бекетке бір ауысымда 20-21 полиция қызметкері мен ішкі әскер сарбаздары тұрады. Ал, облыс сыртындағы 3 блок-постқа өздерінің орналасу аймағына қарай аудандық Полиция бөлімдерінің қызмектерлері түседі, – деп түсіндірді Е. Құдайбергенов.

Әр блок-посттағы 3 жолақты турникет-қоршаулардың ортасында «жасыл дәліз» жасалған. Бұл дәліз арқылы тұрғындарға бірінші кезекте қажетті азық-түлік, су, дәрі-дәрмек пен медицина жабдықтары, жедел жәрдем көліктері еш кедергісіз өтеді.

Блок-посттардағы әскери палаткалар не үшін керек?

Біз танысуға келген «Тұңғыш Президент саябағындағы» блок-посттың аумағында 2 әскери палатка тігіліпті. Оның біреуінде – осындағы әкімдік, прокуратура, полиция, ішкі әскер, медицина қызметкерлері тынығуға арналған керуерттер қойылған.

Ішіне кіріп көргенімізде, қарапайым ғана керуеттерді көрдік. Оның үстіне, палатканың жан-жағынан гуілдеген жел оның ішіне еш кедергісіз «еніп» тұр.

– Жасырмаймыз, іші – жылы, жағдайы – керемет деп айта алмаймыз. Бұл да болса, жоқтан жақсы. Сосын, тынығу дегенде – алаңсыз екі аяқты аспанға көтеріп қойып жату дегенді білдірмейді. Мұнда полиция қызметкерлері 10-15 минут ғана аяқ суытады. Өзіңіз көрдіңіз, олар 12 сағат бойы тікесінен тік тұрып қызмет көрсетеді. Олар да – адам. Сондықтан, бұл палаткада аяқ созып, киім ауыстырады, – дейді жолбасшымыз.

Ермек Қасқырбайұлының сөзіне біздің де алып-қосарымыз жоқ. Себебі, басына мұндай жағдай түспеген, яғни, 12 сағат бойы тік тұрып қызмет етіп көрмеген адамның бұл қиындықтардың барлығын түсінбейтіні анық.

Келесі, екінші палатка – блок-посттағы қызметкерлердің тамақтануы үшін тігіліпті. Бұған блок-посттағы барлық қызметкер бір мезгілде сыймайды. Әрі бір уақытта келіп тамақтануға рұқсат жоқ. Сондықтан, кезекпен келіп тамақтанады.

Ал, мұндағы қызметкерлерді жергілікті билік 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етеді.

– Тамақ мәзіріне – бірінші, екінші тағамдар және ыстық шәй, нан кіреді. Жергілікті билік барлық керекті азық-түлікпен қамтамасыз етуде, – дейді полиция майоры.

Бұдан бөлек, мұнда биоәжетханалар да орналастырылған.

«Полицейлер ақша үшін рұқсаты жоқ адамдарды өткізбейді және өткізуі де мүмкін емес!»

Блок-посттың жұмысымен танысу барысында көптеген көліктердің кері қайтарылып жатқанын көрдік.

– Оның бастысы себебі – аталған автокөліктердің егелері облыстық жедел әрекет ету штабынан тиісті рұқсат алмаған, – дейді Ермекбай Қасқырбайұлы, – Қызметтік болсын, жеке болсын, рұқсаты бар автокөліктер еш кедергісіз өткізіледі. Ең алдымен денсаулығы, сосын құжаттары дұрыс болуы керек. Өзіңіз де білетін боларсыз, біздің полиция қызметкерлерінің қолындағы планшетке рұқсат етілген көліктердің тізімі күн сайын енгізіліп отырады. Әрине, кейбір көліктердің тізімінің дер кезінде орналаспауы секілді техникалық кемшіліктер бар екендігін жасырмаймыз. Дегенмен, рұқсаты мүлдем жоқ кейбір автокөлік егелері мұны түсінбей біздің жұмысызға кедергі келтіруде.

Қалалық Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Ермекбай Құдайбергеновпен тілдесу барысында ел ішінде айтылып жүрген «Блок-посттарда полиция қызметкерлеріне ақша берсең, рұқсатың жоқ болса да өткізеді екен» деген әңгіменің ақ-қарасын сұрадық.

– Ондай әңгіме айтылып жүргені рас. Біреу айтқан әңгіме екінші біреуге жетеді. «Ел – құлағы елу» емес пе? Кеше облыстық «Антикор орталығында» да айттым. Бұл жағдай жеке құрамға қатаң түрде ескертілді. Блок-посттардағы полиция қызметкерлерінің жұмысын облыстық Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері бақылап отыр. Осында прокуратура қызметкерлері заңдылықты қадағалап жүр. Ондай оқиға болған да жоқ және болуы да мүмкін емес! Әрине, ешкімнің жүрегіне кіріп-шыққан жоқпыз. Бірақ, осындай еліміздегі халқымыздың амандығы үшін жан алысып, жан беріскен қиын жағдай кезінде оған жол берсе – ол адамды құқық қорғау қызметкері деп айтудың өзі ұят! – деп кесіп айтты Е. Құдайбергенов.

Ал, қоғамдық көліктер блок-посттарға еш қиындықсыз келеді. Олар бекеттердің екі жағына тоқтап, халықты түсіреді. Әрі қарай тұрғындардың денсаулығы мен құжаттары жіті тексеріліп, қалаған бағыттарына өте алады.

– Қала маңындағы Баймұрат, Наурыз, Махамбет, Сабалақ, Эдельвейс секілді ауылдар 2018 жылы қаланың қарамағына берілгенін білесіз. Осы аталған ауылдарда 15-20 мың халық тұрады. Олардың көбісінің жұмыс орны – қалада. Сондықтан, ол тұрғындарға еш кедергі жоқ, – дейді кейіпкеріміз.

«Полиция қызметкерлері блок-посттарда тұрудан бас тартып немесе денсаулықтарына кері әсері тиіп жатқан жоқ па?» деген сауалымызға Ермекбай Қасқырбайұлы: «Жоқ, біздің полиция қызметкерлері психологиялық, моральдық жағынан толықтай тас-түйін дайын!» деп жауап берді.

Дегенмен, оларға қарапайым халық тарапынан қысым жасалып жатқанын жасырмады.

– Денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлерінен кейін алдыңғы шепте жүрген біздің полиция қызметкерлері. Оларға халық тарапынан қысым көп. Балағаттайды, түрлі ауыр сөздер айтады. Бірақ, біздің полицейлер бәрін көтеруде. Біз үшін олардың қауіпсіздігі – бірінші орында. Сондықтан, полицейлерге адамдармен сөйлескенде 1,5-2 метр арақашықтықты сақтау, үнемі қолғап киіп, медициналық маска тағулары қатаң қадағаланады. Облыстық полиция департаментінің Тыл басқармасы антисептик секілді қажетті дезинфекция құралдарымен толық қамтамасыз етті. Сақтық шаралары күні-түні жүргізілуде. Бұдан бөлек, кезекшіліктегі ауысымдар осы блок-посттың басында ұйымдастырылып отыр. Яғни, блок-посттағы полиция қызметкерлері жеке құраммен араласпай, ауысымы аяқталған соң, бірден үйлеріне барады, – дейді полиция майоры.

«Полицейлер де індеттің таралуы тезірек біткенін қалайды»

Ермекбай Қасқырбайұлынан білгеніміз, облыстағы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің 85%-ы осы карантин кезіндегі қауіпсіздік жұмыстарына тартылыпты.

– Мен атап өткен облыс аумағындағы 8 блок-посттан бөлек, қала ішінде 4 жерде 11 бақылау бекеттері қойылған. Осы бақылау бекеттерінде қала бойынша 83 полицей қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Бұдан бөлек, 20 бағытта жаяу әскер қызмет атқаруда. Жаяу әскердің бір бағытына 2 қатардағы жауынгер, 1 офицер, яғни, 3 полиция қызметкері жүреді, – дейді ол.

Оның сөзінше, облыстағы эпидемиологиялық ахуал полиция қызметкерлерін де алаңдатып отыр.

– Бүгін түске дейінгі мәлімет бойынша облысымызда коронавирустық инфекцияға шалдыққан науқастар саны 116 адамға жетіпті. 2 миллион халқы бар Алматы қаласында не бәрі 128 адам, ал, 800 мыңға жетер-жетпес тұрғыны бар біздің облыс үшін бұл – барып тұрған парадокс. Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деп дұрыс айтқан. Облыс тұрғындары тәртіпті, карантин ережелерін сақтағанда, мұндай жағдайға жетпес едік. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері халық үшін күні-түні қызмет атқара береді. Біз өз тарапымыздан аурудың таралуы тезірек бітсе екен деп тілейміз, – дейді кейіпкеріміз ағынан жарылып.

Қол көтеру, балағат сөздер айту: полицейлерге неге қысым көп?

Блок-постта болған айналасы бір-екі сағаттың ішінде көптеген оқиғаларға куә болдық. Куә болдық та, терең ойға баттық. Бір қызығы – халық осы жағдайдың барлығы, ең алдымен, өздерінің денсаулығын сақтау үшін жасалып жатқанын түсінбейтініне көз жеткіздік.

Олар көлігінің мемлекеттік нөмірі полиция қызметкерінің қолындағы планшеттегі базадан табылмаса, жағадан алуға, қол көтеруге бейім тұрады. «Қайтсем де өтемін!» деп өзеурейді көбісі.

Балағат сөздердің неше атасын да естисіз. Арасында “көкелерімен” қорқытатындары да бар.

Осы жағдайдың бәрін сырттан бақылап тұрсаңыз, біздің полиция қызметкерлеріне сүйсінесіз. Олардың сабырлылығына, психологиялық тұрғыдан дайындығына тәнті боласыз.

12 сағат бойы тікесінен тік тұрып жүріп, қызмет етсе де, бірде бір тұрғынға дауыс көтермейді. Оларға еріп салғыласпайды. Себебі, олар – өздерінің майданның алдыңғы шепте жүріп, соққыны өздері бірінші болып қабылдауға тиіс екендіктерін сөзсіз түсінеді.

Біздің полицейлердің көзіне тік қарсаңыз, олардың шаршағанын көресіз. Бірақ, олар мұны сізге білдірмеуге тырысады.

Халыққа қызмет – мерейлі міндет екендігіне осындайда тағы бір көз жеткізе түсесіз.

«Ата-анамыз бен отбасымыз біз үшін алаңдап, жандарын шүберекке түйіп отырады»

– Тәулігіне 12 сағат бойы екі ауысыммен қызмет атқарамыз. Ауыртпашылық бар, қиындық жоқ. Біздің қызметімізді халық түсінсе, үлкен көмек болар еді. Себебі, олар қаладағы қозғалысты тоқтатпасақ, ауру тыйылмайтын әлі күнге дейін түсінбей жатыр. Күніне неше түрлі мінезді адаммен бетпе бет келеміз. «Зейнетақы аламын», «дәріханаға барамын», «әкімдік шақырып жатыр», «42500 теңгеден айрылып қалмауым керек», «банкомат іздеп жүрмін» деген секілді пікірлерді көп естиміз, – дейді біз әңгімеге тартқан Жергілікті полиция қызметі Полиция батальонының қызмет инспекторы Асылхан Сәрсенбаев.

Оның айтуынша, көптеген полиция қызметкерлерінің де ата-анасы, отбасы уайым шегетін көрінеді. Тіпті, кейбіреулерінің бала-шағасымен тілдеспегеніне аптадан асыпты.

Жергілікті полиция қызметі Полиция батальонының қызмет инспекторы Асылхан Сәрсенбаев

– Әке-шешем түнде ұйықтамай күтіп отырады. Күні бойы сөйлесе алмаймыз. Амандығымызды тілеп, жандарын шүберекке түйеді. Күніне қанша оқиғаларды көріп, естіп алаңдайды. Әсіресе, осындағы отбасылы әріптестеріме қиын. Кейбірінің бала-шағасымен тілдеспегеніне аптадан асқан. Түнгі 12-ден кейін барғанда олар ұйықтап жатады екен. Бәрінің ата-анасы, отбасы, бауырлары «бірдеңе болып қалмасыншы», «індет жұқтырып алмасыншы» деп сары уайымға салынып жүр. Бірақ, біз бұған қарамастан халық үшін қызмет ете береміз, – дейді Асылхан.

Дәрігерлер қызметі: 8 сағат желдің өтінде, бір минут демалмастан…

«Тұңғыш Президент саябағындағы» блок-посттағы тынымсыз еңбек иелерінің бірі – ақ халатты абзал жандар. Олар мұнда бірден көзге түседі. Себебі, қолдарындағы арнайы құрылғы – тепловизормен екі жақтан минут сайын, жоқ, минут сайын емес, секунд сайын өтіп жатқан әрбір адамның дене қызуын өлшейді. Оған, сансыз ағылып жатқан автокөлік ішіндегі 3-4 адамды тағы қосыңыз.

Біз осы блок-постқа келгенде Қызылордада жел күшейе түскені айқын аңғарылады. Қаланың ішінде, орталықта жүріп байқамайды екенбіз. Мұнда, сырт жақ болған соң ба, ұйытқи соққан жел денеңді бірден жауратады. Оның үстіне, анау-мынау емес, өкпек жел.

Міне, осындай желден мұндағы медбикелердің тоңғанын аңғару қиын емес. Ер адам болса, білдіртпес еді. Не дегенмен, нәзік жандылар ғой. Халықтың нөпірі сәл саябырлыса болды, бір орындарында тұрып, жылынудың амалын іздейді. Сізге күлкілі көрінуі мүмкін, бірақ, арасында бір орнында тұрып, секіріп те алады…

– Мұндағы медбикелер күніне үш ауысымда жұмыс жасайды. Бірінші ауысым – таңғы сағат 08:00-ден 16:00-ге дейін, екіншісі – 16:00-ден түнгі 00:00-ге дейін. Ал, үшінші ауысым – түнгі 00:00-ден таңғы сағат 08:00-ге дейінгі аралықты қамтиды. Осы блок-постта күніне 8 сағаттан тұрамыз. Өзіңіз көргеніңіздей, халықтың ағыны өте көп. Әсіресе, біз кезекшілікке түсетін 08:00 мен 16:00-дің арасында халықтың қарасы қалың болады. Кейде 1 минут демалмастан жұмыс жасаймыз. Байқаған боларсыз, бұл жерде 3 жолақ орналасқан. Екі жолақтан – автокөліктер де, жаяу жүргіншілер де өтеді. Біз екеуін де бөліп жармай тексеруге міндеттіміз. Кешкі сағат 21:00-де блок-пост жабылады. Бірде-бір автокөлік, тұрғындар өтпейді. Сол кезде медбикелердің жұмысы аз да болса бәсеңдейді, – дейді №3 қалалық емхананың қызметкері Дидар Әлиқожаева.

№3 қалалық емхананың қызметкері Дидар Әлиқожаева

Оның айтуынша, блок-посттағы медбикелердің негізгі міндеттері – осы бекеттер арқылы өтіп жатқан халықтың температурасын, яғни, дене қызуын өлшеу болып табылады.

– Қызылорда қаласына басқа өңірлерден, аудандар, ауыл, елді-мекендерден келген тұрғындардың арасында дене қызуы жоғары адам болса, оқшаулауға аламыз. Өзіміздің арнайы журналымыз бар. Соған тіркейміз. Мекен-жайы, телефон нөмірі, толық ақпаратты жазып аламыз. Егер ол адам Қызылорда қаласының тұрғыны болса, осы жерде дереу оқшаулап, қаладан жедел жәрдем шақыртамыз. Сосын олар әрі қарай тексеруге алып кетеді, – дейді Дидар Айтқожақызы.

Дидардың айтуынша, дене қызуы көтерілген жағдайлар аз болса да кездесіп тұрады екен. Ондай кездерде олар тұрғынға бәрін түсіндіріп, әрі қарай тексерілуге жібереді.

Мұндағы медбикелердің жұмысын сырттан бақылағанда ұққанымыз – оларға күн сайын қанша халық болса, сонша мінез бен пікірді көтеруге тура келеді.

Дидар Айтқожақызы кезекті егде жастағы жаяу жүргінші апаның дене қызуын тексеруге қолындағы құралын жақындата беріп еді, әлгі кісін оны қолымен қағып жіберді.

«Маған жақындатпа! Күні бойы қанша адамды тексердің, біреуінің ауруы жұғып кетер!», – деп байбалам салды әлгі кісі.

«Бұлардың аппараты жұмыс жасамайды. Өтірік тексереді. Біздің Қызылордада аурудың көбейіп кеткені – осылардың кесірі», – деп қоштай жөнелді жанындағы әжей.

Сондай кезде: «Апа, бұл ең алдымен, өзіңіздің денсаулығыңыз үшін керек қой!» деп араласып кеткің келеді…

Ал, Дидар болса, өзін сабырлы ұстап, үндеместен, әлгі кісілердің ауыр сөздеріне жауап қатпай, өз жұмысын түсіндіріп, дене қызуларын өлшеуге қол жеткізді.

– Әрине, шаршаймыз, – дейді ол біздің сұрағымызға, – Желдің өтінде, оның үстіне, халықтың айқайын, кейде, қарғысын естіп 8 сағат бойы тұру – оңай емес. Отбасым, 3 балам бар. Үйге барған соң, жұмыстан шаршап келдік демей, үн-түнсіз ғана келіндік міндетімізге кірісіп кете береміз.

Осы кішкене ғана көріністен – олардың еңбегі ешбір сыйақымен өлшенбейтініне көзіңіз жете түседі.

Міне, бүгінгі күннің көзсіз батырлары.

Ақ халатты абзал жандардың мұндай ерен еңбегіне қалайша ғана бас имейсіз?!

Блок-посттағы заңдылықты прокурорлар қадағалайды

Блок-посттағы жалпы жұмыс барысын, құқық қорғау органдары және басқа да мекемелердің қызметін прокурорлар қадағалайды.

– Блок-посттағы біздің негізгі қызметіміз – мұндағы заңдылықты қадағалау. Қарапайым тілмен айтқанда, бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол берудің алдын алу. Блок-посттарға қалалық әкімдік бекіткен тізім бойынша кезекшілікке түсеміз. Тұрғындардың, автокөлік жүргізушілерінің құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне айтатын шағымы көп. Бірақ, олар заң аясында жұмыс жасап жатыр. Себебі, тиісті рұқсаты мен анықтамасы жоқ тұрғынның өтуіне заң бойынша тыйым салынған, – дейді Қызылорда қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Бүркітбай Жиенқожаев.

Қызылорда қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Бүркітбай Жиенқожаев

«Құжаты бар тұрғындардың өтуіне еш кедергі жоқ»

«Тұңғыш Президент саябағындағы» блок-постта тұрғындармен де тілдесіп көрдік. Олардың көбісі қалаға кіріп-шығуларына еш кедергі жоқтығын айтады.

– Мен – Наурыз мөлтек ауданының тұрғынымын. Мүгедектігіме байланысты зейнетақым түсіп, соған азық-түлік пен тиісті дәрі-дәрмек әкеле жатырмын. Маған осы блок-пост арқылы 10 күнде 1 рет өтуге рұқсат берілген. Блок-посттан өту кезінде ешқандай кедергі де, қиындық та жоқ. Қолымыздағы анықтамамызды көрсетіп, қалаға барып-келіп жүрміз, – дейді Айгүл Әлиева есімді апамыз.

Наурыз мөлтек ауданының тұрғыны Айгүл Әлиева

P.S: Қазіргі жағдай ешкімге оңай тиіп отырған жоқ. Індет кесірінен ағайынның тойы түгілі топырақты өліміне бара алмай пұшайман болып отырғандар көп. Өйткені, талап сондай. Ал, ол сақталмаса эпидемиологиялық ахуал одан сайын өршитіні анық. Қазір Қызылорда еліміз бойынша ауру саны жөнінен алдыңғы үш облыстың қатарында тұр. Осы ретте қауіпті індетпен күрестегі майданның алдыңғы шебінде жүрген бүгінгі күннің көзсіз батырлары – полиция және медицина қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтірмей, қайта қолдауымыз қажет-ақ!

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

журналист,

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.

Тағы да оқыңыз: