Kyzylorda-news.kz. Тұңғыш Президент күніне орай «Тәуелсіздіктің жеті қыры» деректі фильмдер топтамасы жастар арасында кеңінен насихатталуда.

Туындының негізгі өзегі ретінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2019 жылы маусымда өткен «Кемеңгерліктің 30 жылы» халықаралық конференциясында атап көрсеткен сын-қатерге негізделген. Ел өз тәуелсіздігінің басында нақ осы сын-қатерлерге тап болды. Ал оларды еңсеру егемен Қазақстанның даму жолының бірегейлігін анықтады. Барлығы 7 фильм дайындалды. Олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналған. Атап айтқанда, экономика, интеграциялық үдерістер, ұлтаралық келісім, антиядролық бастамалар, жаңа астана, транзиттік әлеует, қандастарымыздың Отанға оралуы. Фильмдердің мазмұны беделді спикерлердің – белгілі мемлекет, қоғам қайраткерлерінің, Елбасының елдің дамуы бойынша күрделі саяси шешімдер қабылдауының куәгерлерінің естеліктері мен пікірлерінен, сондай-ақ тарихшы, саясаттанушы және экономика саласының мамандарының сұхбаттарынан құралған.

Фильмнің «Бір ел, бір тағдыр» деп аталатын бірінші фильмінде өзге елдер үшін бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың үлгісі болған этносаралық бірлік пен конфессиялық келісімнің бірегейі қазақстандық үлгісін сипаттайды. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру жұмысына ерекше көңіл бөлінген. Еліміздегі 100-ден аса этностың басын біріктіріп отырған бірегей құрылым тұрақтылықты сақтап, республиканың ілгерілей дамуы үшін маңызды роль атқарады.

«Сын сағаты» деп аталатын екінші фильмде жас елдің нарықтық экономикада өзін қалыптастыру жолындағы «тар жол, тайғақ кешуін»  сипаттайды. Қазақстанның қысқа мерзімде ТМД кеңістігінде көшбасшысы, экономикалық тұрғыдан дамыған мемлекетке айналғанын айқындап көрсетеді.

«Парасатты шешім» фильмінде Елбасының әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту және КСРО ядролық қаруының 2/3 сынағы өткізілген Семей полигонын жабу туралы тарихи шешімі туралы баяндайды. Сондай-ақ, фильмде Арал теңізін жаңғырту жұмыстары туралы көрсетіледі.

«Ұйымдасқан ұтады» фильмі аймақтық қауіпсіздік және шекараны делимитациялау мен демаркациялауды жүзеге асырғанын, АӨСШК, ҰҚШҰ, ЕҚЫҰ интеграциялық бірлестіктер шеңберінде өңірлік қауіпсіздік жүйесін құру жөніндегі жұмысты бастағанын көрсетеді. Осы кезде Н.Ә.Назарбаевтың ЕАЭО құру жөніндегі идеясын жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінеді.

«Жаңғыру жолы» фильмінде республиканың халықаралық транзиттік әлеуетін кеңейту, «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру туралы баяндайды.

Фильмнің «Елдіктің бастауы» деп аталатын бөлімінде Елбасының демографиялық мәселелерді шешу, этникалық қазақтарды отанына қайтару, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, қазақ тілінде білім беру мекемелерінің ашылуы туралы айтылады.

«Өзгерісті сәт» деп аталатын келесі фильмде жаңа жас Астананың құрылысының қалай салынғанын, гүлденгенін, әлемнің ең әдемі шаһарына айналғанын, бас қаламыздың басты миссияларын анықтап, көрермендерге байыпты түрде жеткізеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа астананы тұрғызу бастамасы мен оны ақиқатқа айналдыруы Елбасының модернизациялық жобасының басты табысының символына айналды.

Еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдарында отандық экономика әдеттен тыс қиындықтарға тап болып, шын мәнінде құрдымға кетудің сәл-ақ алдында тұрды. Тәуелсіз Қазақстан мұраға бос қазына мен гиперинфляция, жаппай жұмыссыздық, кедейшілік және басқа да ауыр проблемалар қалдырған кеңестік әкімшілік-командалық экономиканың үйіндісінен бой көтерді. Біз енді ғана бүршік жара бастаған тәуелсіздікке қатер төндіретін экономикалық апаттың алдында тұрдық. Сол кезде біз бетпе-бет келген драматизмге толы тартысты жағдай ұзақ ойланып-толғануға да мүмкіндік бермеді: экономиканың есін жиғызу жан сақтаудың жалғыз амалы болды. Мәселе шын мәнінде солай еді. Мемлекет бүкіл күш-жігерін экономикаға жұмылдырып, сол тарихи шайқаста жеңіп шықты.

Осындай аса күрделі жағдайда ел тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Назарбаев өзін көреген саясаткер, елін елдікке бастаған дарынды реформатор ретінде көрсете білді. Оған Қазақстанның жүріп өткен жолы, жетістіктері дәлел.

Тұңғыш Президент іске асырған реформалардың нәтижесінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жеті негізгі сын-тегеурінді еңсеруі, тәуелсіздіктің жеті жетістігіне айналғаны даусыз. Сөйтіп, Қазақстанның даму моделі әлемдік қауымдастықта кеңінен танылды. Бұл модель терең эволюциясы бар мемлекеттің біртіндеп және сенімді дамуын көрсетті.

 Жас ұрпаққа Тұңғыш Президенттің басшылығымен қолға алынған реформалардың жемісті болғанын арқау еткен «Тәуелсіздіктің жеті қыры» фильмдер топтамасының маңызы зор. Сондықтан да тәуелсіздік тамырынан тағылым алып өсетін ұрпақ тәрбиелеу, тәуелсіздіктің оңай келмегендігін ұғындыру, оны көздің қарашығындай сақтауды жеткізу, жастардың бойында отаншылдық, елдік қасиеттерді қалыптастыру – бүгінгі қоғамның басты міндеті.

Меруерт Аңсатова,

Қорқыт Ата атындағы

Қызылорда университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының кандидаты

Тағы да оқыңыз: