Kyzylorda-news.kz. Ғылыми әдебиеттердің басым бөлігінде тәуелсіздік қуаттылық пен өз бетінше өмір сүруге қабілеттілік деп түсіндіріледі. Бұл өзгелердің бақылауынан, ықпалынан, қолдауынан еркіндікті білдіреді. Ұлттық тәуелсіздік болса, бұл халықтың өзінің басқару түрін сыртқы ықпалсыз анықтау құқығы мен ұлттық бірегейлігінтанытады. Сондықтан тәуелсіздікке қол жеткізу ұлттық тұтастық пен ел дамуы үшін аса маңызды.

Тәуелсіздік – бір ұлттың, мемлекеттің, діннің екінші бір ұлтқа мемлекетке, империяға, дінге бағынышты емес, дербес территориялық, экономикалық, саяси, діни дербестігін алған жаңа құрылған мемлекетке қолданылатын саяси түсінік. Ол дербес әлеуметтік-саяси, экономикалық қимыл жүргізетін,  егеменділіктің белгісі болып табылады. Саяси тұрғыдан қарағанда тәуелсіздік конституциялық құқыққа негізделген мынадай түрлі принциптер мен институттардың сипаттамалық көрсеткіші саналады: егемендік, билік бөлінісі, тұлғаның құқықтық мәртебесі, соттар мәртебесі және т.б.

Отыз жылдық тарихы бар еліміз үшін тәуелсіздік маңызды құндылық болып табылады. Тәуелсіздік ел тұтастығын сақтаудың маңызды тәсілі деп ойлаймыз. Тәуелсіздікті бағалау арқылы адам ең алдымен өзін-өзі анықтап, қоғамдағы рөліне мән береді. Таңдау құқығы, икемділік қабілеті мен күш-жігері арқылы жеке тұлғасын қалыптастырады. Жеке тәуелсіздік дербес және толыққанды тұлға болу қабілетін дамытып, қоршаған орта үшін қажетті мүмкіндіктер жасауға ықпал жасайды.

Халық үшін тәуелсіздік берген еркіндіктің маңыздылығы теңдік және әділеттілікпен тығыз байланысты.Қазіргі таңда халыққа әділ және тең мүмкіндіктер беру арқылы жетістікке жете аламыз. Теңдік пен әділеттіліктітек саяси тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан қамтамасыз ету арқылы елдің дамуы жалғасады.Тәуелсіздік алғаннан кейін қабылданғанеліміздің Конституциясы барлық азаматтар үшін тең құқықты қамтамасыз етудің негізін қалады.

Қазақ ақыны Асан қайғы өз шығармалары арқылы адамгершілік ілімдерді негізге ала отырып, әлеуметтік әділеттілік түсініктерін, «әділетті хан» идеясын, адам туралы көзқарастарын, этикалық және эстетикалық құндылықтардың ара-қатынасын айқындайды. Оның пікірінше, әділдіктің белгісі – бірқалыптылықта; ақылдының белгісі – өткен істі қумауында; надандықтың белгісі – білгеннің тілін алмауда екен. Ол әділеттілікті хан саясатынан іздеп, бірақ оны таба алмай, ханға көптеген өлеңдерін арнап, «әділетті хан» идеясын ұсынады. Асан қайғының саяси-әлеуметтік идеясы оның қоғамдық өмірге терең үңілуінен тарайды.

Тәуелсіздіктің құндылық өлшемдері мәдениетаралық құбылмалылықты көрсететіндіктен, осы өлшемдерге берілген құндылық әлеумет тарапынанықпал жасайды және ұрпақтан-ұрпаққа өзгеріп отырады. Демек, бұл құндылықты келер ұрпаққа жеткізе білу маңызды.Бұл құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу әлеуметтену мен мәдени сабақтастықтыңнегізгі тетіктері болып табылады.Жасыратыны жоқ, социализмнен либералды капитализмге көшу өз жағдайын жақсарту, құзыреттілікбағытында жеке өзін-өзі дамытуға бағыттауға көшірді. Әлеуметтік және мәдени өзгерістер жастармен аға буын өкілдері менталитетінің арасындағы алшақтықтың артуына әкелді. Сондықтан осы алшақтық әлеуметтік өзгерістер туындатпауы үшін үнемі тәуелсіздіктің құндылықтарын есте сақтауымыз қажет.

Мұрат НАСИМОВ,

«Болашақ» Ғылыми-зерттеу институтының директоры

Тағы да оқыңыз: