Kyzylorda-news.kz. Даму дегеніміз ең алдымен, адам ағзасындағы физиологиялық және психологиялық сапалық өзгерістер. Бұл өзгерістер белгілі бір әлеуметтік орта жағдайында өтеді. Әлеуметтік көзқарас тұрғысынан қарағанда тәрбие қоғам бақылайтын және түзету енгізетін, жастарды мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар арқылы басқарып, бағыттайтын үрдіс. Қоғамның жаһанданған қазіргі және болашық өміріне қатысуға мақсаттылықпен даярлау ісі тәрбие арқылы жүзеге асырылады.

Мектеп оқушыларының жеке тұлға ретінде дамуына халықтық педагогаканың мұралары, ұлттық тәлім-тәрбие зор үлес қосады. Тәрбие үрдісінде халық педагогикасының тәлімдерін енгізу арқылы қаны да, жаны да таза, елін, жерін, тілін қастерлей алатын азамат дайындауға жол ашылады. Бүгінгі мектептің оқу-тәрбие үрдісіне халықтық педагогиканың тәлімдерін және әлемдік мәдениет құндылықтарын енгізу мәселелері көптеген ғалымдардың еңбектерінен орын алады.

Жеке тұлғаның дамуы оның әрекетінен және басқа адамдармен ой алмасу, соңдай-ақ сана-сезімінің пісіп жетілу үрдістерінде өтеді. Жеке тұлғаны әлеуметтендіру мектепте атқаратын іс-шараларда негізгі орын алады. Яғни, оқушының өмірге деген көзқарасын, адамзат мәдениетін меңгерту, қоғамдағы орнын еркін табуы, ұлтаралық мәдени қатынастарды меңгерту мектептің оқу-тәрбие жұмысынын негізі. Сондықтан біздің алдымыздағы негізгі міндет-білімді, тәрбиелі мәдениетті жеке тұлғаны қалыптастыру. Жаһандану жағдайында мәдени этникалық білім мен тәрбие берудің негізгі міндеттері ретінде мыналарды ұсынады және үнемі басшылыққа алынады: жан-жақты мәдениетті тұлғаны тәрбиелеу. Тұлғаның өзінің төл мәдениеттен сусындауы және өзге мәдениеттерді ұғынуы үшін жағдай жасау. Мәдениеттер алмастығына, бірін-бірі байытуына бағдар ұстау, көп тілді тұлғаны қалыптастыру. Өзінің ана тілінде және мемлекеттік тілінде еркін ұғынысуға қабілетті азаматтарды даярлау.

Бүгінгі мектеп қабырғасында отырған жас буынды ұлттық менталитет дәстүрлерге негіздей отырып тәрбиелеу қажеттілігі, осыған дейінгі өмір тәжірибелерімізден айқын аңғарылады. Жалпы адам бойындағы мәдениеттілік адам мен адамның, қоғам мен адамның, адамның іс-әрекеттері негізінде көрініс табады. Адамның мәдениеттілігін айқындайтын негізгі күш – орта. Осы тұжырымдардың қай-қайсысы да мәдениеттің ұлттық формада өмір сүретінін аңғартады. Сондықтан да, мәдениет арқылы этностық, тарихи, мемлекеттік, экономикалық, әлеуметік, этнографиялық болмыс бейнесі көрініс табады деуге әбден болады. Көптеген авторлар жеке адамның дамып қалыптасуына әсер ететін факторлар тұқым қуалаушылық, әлеуметтік орта т.б. дей келе, тәлім-тәрбие жұмыстарына жан-жақты тоқталады.

Тәрбие қоғамдық өмір талаптарына сай өзгеріп, жетіліп отыратыны белгілі жағдай. Мәселен, ұзақ мерзімді іске асырылатын және күн сұрасына қарай жедел шешімін күтетін мақсаттар болады. Тәрбие мақсаты әрдайым қоғамдағы мәдениет пен өркениеттің айнасы тәрізді (Мәселен, руханилық, адамгершілік, бостандық т.б.). Біздің қоғамыздағы жедел шешуді қажет ететін тәрбие мақсатына: өзіндік ой-әрекетін дамыту (инициатива), қоғамдағы жетістіктерге ілесу, нарықтық-экономикалық қатынастарды түсіну т.б. Тәрбие теориясында қамтылған мәселе адамды тұлға ретінде қалыптастырып, дамыту. Психология тұлғаның мінез-құлқын, түрткілерін, тұлғаның сипаты мен іс-әрекеттерінің негізін анықтайды. Жалпы адамзаттық адамгершілік құндылықтар тәрбие мақсатының өзегі. Олар-руханилық, бостандық жауапкершілік, ізгілік т.б. адамның өмір сүру мәнділігін айқындайтын мақсаттар мен мүдделер жиынтығы.

Мектеп оқушыларының адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруі, оның өзін-өзі танып, өз айналасындағылармен, қоғамдық ортамен, отбасы мүшелерімен дұрыс қарым-қатынасқа түсуі-әлеуметтік және рухани дамуының алғы шарттары болып есептеледі. Сондықтан балаға жастайынан өзінің төл мәдениетімен қатар басқа да әлемдік мәдениетті меңгертуге жағдай жасау қажет. Дүнетанымдық көзқарасын қалыптастыруда этно-мәдени білім негіздерін меңгертудің маңызы ерекше. Кез келген халықтың өмірінде жалпыадамзаттық құндылықтардың орнығуы тарихи дамудың заңды құбылысы. Сондықтан жас ұрпақ бойына жалпы адамзаттық құндылықтарды сіңіру-тәрбиенің өзекті мәселелерінің бірі.

Жас ұрпаққа жан-жақты тәрбие беруде, білім негіздерін меңгерту арқылы оның тәндік, жандық, рухани, қоғамдық, әлеуметтік үйлесімділігі сақталады. Өмір сүру құндылықтары мен мәнін түсініп, табиғатпен сабақтаса отырып, адамдық игі қасиеттер негізінде дамуға мүмкіндіктер алады. Адам өзін-өзі рухани дамыту үшін үнемі тәрбиелеп, өздігінен білім алып, өз бетінше оқып үйренуге ұмтылуы шарт. Осы қасиеттер оқушы бойынан көрініс табу үшін, жас ұрпақ тәрбиесінде халқымыздың рухани байлығы, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық сана, дін және рухани құндылықтарды жоғалтпай пайдаланып отыру өз нәтижесін береді.

Сондықтан мектепте ұйымдастырылатын тәлім-тәрбиелік іс-шаралар мен тәрбиелік жұмыстар, оқушыларды жан-жақты дамытып, үнемі жетілдіріп отыру басты мақсатымыз деп есептеймін.

Эльмира Көрпелесова, Шиелі ауданы, №150 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі

Тағы да оқыңыз: