Kyzylorda-news.kz.  Бүгін Сырдария ауданында журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында редакция ардагерлерімен кездесу ұйымдастырылды. Басқосуда «Сыр медиа» серіктестігінің бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев пен аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев сала ардагерлерін мерекемен құттықтап, ұзақ жылдар баспасөз саласында атқарған еңбектеріне алғыс айтып, құрмет көрсетті.

Іс-шараға бас директордың орынбасары А.Абдуллаева, облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қ.Шарабидинов, қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Ә.Батырбеков, аудандық газет редакциясының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында «Сыр журналистикасының тарихы» 5 томдығы жинағының таныстырылымы да ұйымдастырылды.

Аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев пен «Сыр медиа» серіктестігінің бас директоры, облыстық мәслихат депутаты А.Оңғарбаев сала ардагерлерінің өңір журналистикасының қалыптасуы мен дамуына сіңірген еңбегі және кітаптың ұлт руханиятына қосқан үлесі мен маңызы жөнінде кеңінен айтып өтті.

«Алаш ардақтыларының «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» деп ХХ ғасырдың басында айтқан сөзі ХХІ ғасырда да өз маңызын жойған жоқ. Қазіргідей ақпараттық технологиялар мен жаңалық таратудың жаңа форматы, медиа мүмкіндіктер қарқынды дамыған заманда сапалы және толық таразыдан өткен шынайы ақпарат таратудың маңыздылығы зор. Осы ретте жергілікті газеттің жұмысына аудан әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтуіміз қажет», – деді аудан әкімінің орынбасары.

Өз кезегінде «Сыр медиа» серіктестігінің бас директоры, облыстық мәслихат депутаты А.Оңғарбаев газет бетінде әр кезеңнің тыныс-тіршілігі айқын көрініп тұратындықтан кітаптың ел шежіресі деп атауға лайық екенін айтты.

«Бүгінде облыстың медиа кеңістігінде 100-ден аса бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істеуде. Оның ішінде, 8 электронды, 3 ақпараттық агенттік, 3 интернет сайт, 87 баспа бұқаралық ақпарат құралы бар. Бұл салада 2,5 мыңға жуық қалам иелері аймақ халқын жедел және сапалы ақпараттармен қамту жолында тынымсыз еңбек етуде. Нақты және жедел ақпарат таратуды мақсат етіп, заман талабына сай дамудың жолын ұстанған бұл сала – іргелі индустрияға айналды. 5 томдық «Сыр журналистикасының тарихы» кітабында аймақтың ақпарат айдынында талай жылдар жаңалық пен жақсылықтың жаршысы болған басылымдардың тарихы баяндалады. Өткен ғасырдың 1925 жылы бүкіл қазақтың басын қосқан алқалы жиын өтіп, бұған дейін Қырғыз аталып келген еліміздің ҚАЗАҚ деген тарихи атауы, сол кездегі қазақ елінің астанасы болған Ақмешітте, осы киелі топырақта қайтарылғанын Сіздер жақсы білесіздер. Сол себепті, Сыр топырағы – қазақ руханиятының киелі ордасы және өңір журналистикасының ғана емес, Қазақ журналистикасының бастау бұлағы. Бұл көптомдық – бұған дейін жарық көрген Жарылқасын Нұсқабайұлы мен Қырықбай Аллабергеннің«Қазақ журналистикасының тарихы» атты еңбегінің заңды жалғасы», – деді «Сыр медиа» серіктестігінің бас директоры.

Бұл 5 томдық жинақтың ерекшелігі сол, мұнда баспасөз шежіресі ғана емес бүтін бір өңірдің тарихи шежіресі жазылып, жинақталған. Оның ішінде Сыр өңіріндегі журналистика саласының қалыптасуы мен дамуы, бағындырған белестері мен жетістіктері де кеңінен қамтылған. Жинақта «Сталин жолы», «Еңбек майданы», «Сырдария», «Еңбек Туы», «Тереңөзек тынысы» және «Тіршілік тынысы» атауымен аудан жаңалықтарының жаршысына айналған аудандық басылымның тарихы, қайраткер қаламгерлердің өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған. Сондықтан «Сыр журналистикасының тарихы» 5 томдығының ауданымыз үшін маңызы ерекше және бұл кітаптың жарыққа шығуы бәріміз үшін зор қуаныш болды.

Кітаптың таныстырылымында редакция ардагерлері С.Тоқсанбаев, М.Қалмұратұлы, С.Ерімбет, Қ.Балшықбаева, Ж.Тасымбаева, Ш.Нұрсейітов өз естеліктерімен бөлісті. Сала ардагерлері кейінгі буын қаламгерлердің еңбегі жемісті болуына тілектестігін жеткізді. Іс-шара соңында ардагерлерге аудан әкімі мен «Сыр медиа» серіктестігі бас директорының арнайы Алғыс хаттары мен «Сыр журналистикасының тарихы» кітабы табысталды.

Тағы да оқыңыз: