Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданы экономикасына тікелей ықпал жасайтын өнеркәсіп саласында оң динамика қалыптасты. Ауданның өнеркәсіп кәсіпорындарында өнім өндіру өткен жылмен салыстырғанда 48,3 пайызға артқан. Өнім көлемі негізінен тамақ өнімдерін өндіру есебінен яғни күріш ақтау кәсібі арқылы ұлғайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев мәлімдеді.

Биыл аудан экономикасына 13 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылды. 1 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылып, 9 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды.

«Ауыл шаруашылығы саласы – аудан дамуының драйвері. Осы жылдың 1 тамызына ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 пайызға ұлғайды. Биылғы жылы ауданымызда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 32 мың 567 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Оның ішінде, негізгі дақыл – күріш 20 мың 542 гектар құрайды», – деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, экономиканы өркендетудің негізгі жолы – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту екені белгілі. Биыл 7 айда Сырдария ауданында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 2 млрд. теңгеге жуық 315 жобаға қаржылай қолдау көрсетіліп, жаңадан 324 жұмыс орны ашылды.

Тағы да оқыңыз: