Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданының әкімі Руслан Рүстемов «С.Сейфуллин Жер» ЖШС-нің егістік басына барып, қазіргі егіннің қызған шағындағы еңбеккерлер тынысымен танысты. Егістік алқапта аудан басшысы егін егудің майталманы атанған еңбек ардагерлері және ауыл ақсақалдарымен пікірлесті. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде аудан әкімі ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру елдің әлеуетін арттыратынын атады.

– Қай мемлекеттің ауыл шаруашылығы мықты болса, сол елдің жағдайы жақсы деген сөз. Байтақ елде ен даламыз бар, байлыққа толы жеріміз бар. Осы жерден өз несібемізді тауып жатсақ, халықтың әл-ауқаты мықты болатыны сөзсіз. Осындай шаруаны ширатып отырған шаруашылықтардың қатарындағы «С.Сейфуллин Жер» ЖШС – аудандағы іргелі шаруашылықтың бірі саналады. Серіктестік басшылығы елмен етене араласып, ауылдың дамуына өзіндік үлес қосуда. Шаруашылық жұмысын әртараптандыру үшін игі бастамаларды бастауға ниетті болып отыр. Сонымен қатар кәсіпкерлікке де бет бұруға ден қойған, – деген аудан басшысы өлкедегі шаруашылықтар жаңа мүмкіндіктерге қолдау білдіруге ниетті екенін жеткізді.

Яғни «Жылыжай» жобасына аудандағы іргелі шаруашылықтар қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.

Өз кезегінде серіктестік төрағасы О.Саймағамбетов шаруашылықтағы атқарып жатқан жұмыстарға тоқталды. Егін егу саласындағы іргелі серіктестік саналатын серіктестік 2002 жылы құрылған. Соңғы 5-6 жылдың көлемінде шаруашылықтың жұмысы жанданып, егін егудегі әлеуеті артқан. Соның нәтижесінде 90 адамды жұмыспен қамтып отыр. Биылғы жылы Сырдың басты дақылы саналатын – күріш 1023 гектар жерге егілген. Сонымен қатар 35 гектар бидай, 54 гектар мақсары, 100 гектар жерге жаңа жоңышқа егілсе, 130 гектар ескі жоңышқаның бап-күтімі жасалуда.

– Ата кәсіп болған егіннен жыл сайын жақсы өнім алып келеміз. «Күтімді егін бітімді» дегендей, биыл да мол өнім алу бағытында жұмыс атқарудамыз. Қазіргі таңда егінге қажетті су тапшылығы болған жағдайда су сорғы құралдарын орнатып қойдық. Осы егіннің арқасында серіктестік жұмысы ілгерілеп, техникалар жаңаланды. Ендігі кезекте шаруашылық жұмысын әртараптандыру мақсатында мал бордақылау алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Бұл қыс мезгілінде де шаруашылық еңбеккерлеріне жұмыс көзі болады. Сонымен бірге жаңа жобалар – жаңа мүмкіндік екенін білеміз. Сол себепті аудан әкімі ұсынған «Жылыжай» жобасына да қолдау білдіреміз, – деді Оңғарбек Құрманайұлы.

Бірінші бригада егістігінде аудандық мәслихат депутаты Бағдат Есназар шаруашылық төрағасының елге жасап жатқан еңбегін атап көрсетті.

– «Ел ерімен мақтанады» десек, серіктестік төрағасы Оңғар Саймағамбетов ауыл халқына қолдан келген көмегін көрсетуде. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, шаруашылықтың үй салып жатқан қызметкерлеріне қаржылай көмектесіп келеді. Оған қоса ауылдағы мәдениет, мектеп, балабақша жұмысына қолдау білдіреді. Еңбек ардагерлерінің, ауыл ақсақалдарының шипажайларда ем алуына, науқастанып қалған тұрғындарды ақылы емделуіне де қолдан келгенше жағдай жасауда. Бір атап өтерлігі, жомарт жан ауылдық мешіттің жаңғыруына ерекше үлес қосты. Сонымен бірге шаруашылық жұмысын ілгерілету үшін қырманды жаңалауға жұмыстар атқарып жатыр. Мұның барлығы түптеп келгенде елге жасалып жатқан жақсылықтар. Осындай игіліктердің арқасында ауыл халқының ауызбірлігі артып, елдің ырысы молая түсті, – деген аудандық мәслихат депутаты аудан басшысына ауыл жастарының өнерін шыңдауға қатысты ұсынысын жеткізді.

Яғни ауылдық мектеп жанынан Тереңөзек әуез мектебі филиалының ашылуына ықпал етуді сұрады. Мұнда домбыра, баян, хореография үйірмелері ашылса, жастардың өнерге деген құлшынысы артатынын атап өтті.

Аудан әкімі аталған ұсынысты бюджеттің мүмкіндігіне орай шешуге атсалысатынын жеткізді. Сондай-ақ кездесу барысында жұқпалы індетке байланысты еліміздегі ахуал күрделі екенін атады. Қазіргі таңда карантиндік талаптарды қатаң сақтап, сақтық шараларына аса мән беру қажеттілігін ескертті.

Бұл күні шаруашылық еңбеккерлері бидайға алғашқы орақты салды. Жоғарыдай айтқандай, 35 гектар жерге егілген бидай дақылы пісіп, еңбек майталмандары дала кемесімен ысырапсыз жинау қамына кіріскен. Осындай қызу еңбек мерейіне ортақтасу үшін аудан әкімі бидайлыққа да барды. Ауылдың атымтайы болған О.Саймағамбетов 1-бригададан бидай егілген 3-бригада жеріне бастап барып, тынымсыз еңбектің нәтижесінде қара жерден аппақ бидай өнетінін көрсетті. Диқандардың нәтижелі еңбегінің арқасында алтын астықтың алқабы жайқалған. Танапта егінжай ерлерімен тілдескен аудан әкімі өнімнің мол болуына тілектестік білдірді.

Тағы да оқыңыз: