Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданы Іңкәрдария ауылында руханият ордасы халық игілігіне берілді.

Мешттің ашылу салтанатына Қызылорда облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бейбіт Смайылов, аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Асхат Асқаров, ауыл әкімі Сәулет Есдәулетов, «Ақжарма және к» фермелік қожалығының төрағасы Қайрат Нұрсейітов, еңбек ардагерлері Рахымжан қажы Бәйменов, Мектепхан Елеусінов, Жұматай Қасымов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіразақ Байманов, Сыр өңірінің имамдары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Іңкәрдария ауылындағы 100 орынға арналған мешіттің құрылысы өткен жылы басталған. Ауылдан түлеп ұшқан кәсіпкер, қажы Мейрамбек Қонақбаевтың демеушілігімен зәулім ғимарат тұрғызылды. Бұдан бөлек өңірімізге белгілі кәсіпкерлер Асхат Шәукенбаев, Қазыбек Омаров, Мұхтар Шаханов, Бахтияр Құдайбергенов қаржылай қолдау көрсеткен. Сонымен бірге ауыл азаматтары Бақытбек Шәріпбаев, Жомарт Базарбаев, Мұрат Тыныштықбаев, Жылқыбай Исабаев, Абзал Нұрылдаев, Мұрат Жөнеров, Кенжебек Манатауов сынды азаматтар игілікті істің басы-қасынан табылды.

Болатбек Абуов мешіт салуға зор үлес қосқан ел азаматтарына ризашылығын білдіріп:

– Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Іңкәрдария ауылында жаңа мешіттің ашылуының куәгері болып отырмыз. Құлшылық үйін салуда айрықша қолдау көрсеткен ел азаматтары сауапты іске себепкер болды. Мұнда қаншама ұрпақ діни сауаттанып, Тәңірдің ришалығына бөленеді. Жақсылыққа үн қосқан ел азаматтарына Алла Тағала разы болсын. Баршаңызға құтты болсын, – деп қорытындылады.

Жаңа мешітте 100 ер кісіге арналған бөлме, 20 әйел кісіге арналған бөлме, 15 орынға арналған медрессе, ауыл имамының бөлмесі, 100 орынға арналға асхана, тамақ пісіретін және мал соятын бөлмемен қамтылған. Игілікті іс-шарада мешітті салуға атсалысқан жандарға құрмет көрсетілді.

Ауыл әкімі Сәулет Есдәулетов ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіразақ Байманов сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарының атынан ризашылығын білдірді. Демеушілерге сый-сияпат ұсынды. Ал «Ақжарма және К» фермелік қожалығының төрағасы Қайрат Нұрсейітов ауыл мешітіне 1 миллион теңге қаржылай көмек көрсетті. Тыл ардагері Рахымжан қажы Бәйменов көпшілікке ақ батасын берді.
Іс-шара соңында ас берілді. Сонымен бірге, көкпардан жарыс өтті.

Тағы да оқыңыз: