Kyzylorda-news.kz. Сырдария аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық ішкі саясат және «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ер балалар – ел қорғаны, қыздар – ұлт болашағы» тақырыбында кездесу өтті.

Сырлы сұхбатқа негізделген бас қосудың құрметті қонақтары мемлекет және қоғам қайраткері, «Қызылорда облысының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы», «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерінің иегері Алмагүл Божанова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, «Қызылорда қаласының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің, «Шапағат» медалінің иегері Рамазан Тайманов болды.Кездесуді Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, аудандық мәслихат депутаты, аудандық газеттің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы жүргізді.

Дарабоз тұлғалардың дара жолын кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында өткізілген іс-шараға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, бөлім басшылары, қызметкерлер, ұстаздар мен аудан орталығындағы білім ордаларының жоғарғы сынып оқушылары қатысты.

Ауданның дамуына ерекше үлес қосып, облыс, республика көлемінде танымал болған тұлғалармен кездесуді ашып берген аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ауданнан шыққан қайраткер тұлғаларды атап өтті.

«1991-1997 жылдар аралығында республикада аудан әкімі болған бірінші нәзік жанды – Алмагүл Божанова апамыз еді. Қиын кезеңдерде аудан тұтқасын ұстап, ауданның әлеуметтік-экономикалық өсуіне өлшеусіз үлес қосты. Бүгінде ауданымыздың «Құрметті азаматы», Қазақстан Республикасы «Құрмет белгісі» және «Парасат» орденінің иегері Алмагүл Божанқызы жас ұрпақты тәрбиелеуде ұрпақтар сабақтастығының жалғасын жүргізіп, қоғамда бағалы қызмет атқаруда. Сондай-ақ, Еңбек Ерлері ғана емес ауданның құрметті азаматтары да елжанды жастарды тәрбиелеуде септігін тигізіп келеді. Олардың өткен жолы мен еңбегі жастарды шабыттандыратыны анық. Солардың бірі де бірегейлері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет орденінің иегері», «Қазақ қызымен» қайран қалдырған, Қорқыттың қобызына жан бітірген, сазгер Рамазан Сағындықұлы Тайманов та бүгін ортамызға келді. Бұл аға-апаларымыздың дара жолдарына көз жүгіртіп, еліміздің дамуына қосқан еңбектері орасан екенін көреміз», – деген аудан әкімі бүгінгі жастардың осындай тұлғалардан үлгі-өнеге алатынын жеткізді.

Кездесу барысында келген қонақтар мен оқушылар қайраткер тұлғаларға өз сұрақтарын жолдады. Жас әнші Ақбота Талғатқызы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Құрмет» орденінің иегері Ділдахан Торғаеваның әні мен сөзіне жазылған «Алмагүл» әнін нақышына келтіріп орындаса, Динара Жакешова Исраил Сапарбайдың сөзі мен Рамазан Таймановтың әніне жазылған «Қазақ қызы» әнін орындап, көрермен көзайымына айналды.

Аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев пен Сырдария әйелдері қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жаналиева Рухани басқосуды қорытындылап, кештің құрметті қонақтарына алғыс айтып, сый сияпат табыстады. Өз кезегінде қоғам қайраткері Алмагүл Божанова құр қол келмегенін айтып өзінің «Ұрпақтан-ұрпаққа» деп аталатын туындысын кітап мазмұнына арқау болған тұлғалардың ұрпақтары мен кітапхана қызметкерлеріне салтанатты түрде тарту етті.