Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданының жыл басынан бері макроэкономикалық көрсеткіштерінде өсу тенденциясы байқалады. Мәселен, есепті кезең ішінде өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, сауда айналымы жақсарып, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі артып, инвестициялар тарту мәселесі жолға қойылған.

2022 жылға арналған аудан бюджетінің кірістер көлемі 13 млрд теңге көлемінде жоспарланса, оның 68 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Бұл туралы аудан әкімі Мұрат Ергешбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.

«Биылғы егіс маусымында 33,1 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Негізгі дақыл күріштің көлемі – 20 728 гектар. Одан өзге, ауданда бидай, мақсары, күнбағыс, қант құмайы, сүрлемдік жүгері, жоңышқа, картоп, көкөніс және бақша өнімдері егілді. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрғындар өзін-өзі қамти алатын әлеуметтік маңызы бар бақша өнімдері мен көкөністерге елді мекендердегі шаруашылық құрылымдары арқылы егіс алқаптарынан қосымша жер дайындалып, 90 гектарға картоп, 20 гектарға көкөніс, 100 гектарына бақша дақылдары егілді. Мал шаруашылығында төрт түлік мал басы мен өндірілген өнім көлемінде де тұрақты өсім бар», – деді Сырдария ауданының әкімі Мұрат Нәлқожаұлы.

Сондай-ақ, аудандағы жұмыссыздық мәселесі де өз шешімін тауып келеді. Биыл 2156 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланса, осы уақытқа дейін жоспардың жартысынан астамы орындалған. Аудан әкімінің айтуынша, жыл соңына дейін 400-ден астам тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Кәсіпкерлік саласында да оң көрсеткіш жоғарылап келеді. Жартыжылдық қорытынды бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің белсенділік көрсеткіші 94,2 пайызды еңсерген. Жалпы алғанда, жыл басталғалы аудан бойынша мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 1,4 млрд. теңгені құрайтын 106 жоба қаржыландырылған. Жыл соңына дейін несиелендіруді қажет ететін құны 1,2 млрд. теңгені құрайтын 237 жобаның тізімі жасақталып, тиісті қаржы ұйымдарына ұсынылуда.

Тағы да оқыңыз: