Kyzylorda-news.kz. Сыр өңірінде «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» аясында 9 мыңнан астам азамат жұмысқа шақырылды. Бұл туралы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі пандемиямен күрес және экономикалық ахуал жөнінде өткен брифингте журналистердің сауалына жауап беру кезінде мәлімдеді.

“Қазіргі пандемия кезеңінде көптеген жұмыс орындарының босап қалғандығын естіп жүрміз, осы ретте Қызылорда облысында “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бойынша қанша жұмыс орны ашылады?”, – деді “Ақмешіт апталығы” газетінің тілшісі Бағлан Тілеубергенова.

“2020 жылы Жол картасы аясында Қызылорда облысында 276 жобаны жүзеге асыру жоспарланып, бүгінгі күні оның 275-і іске асырылуда. Жоба аясында 9 299 жұмыс орнын ашу жоспарланса, қазіргі таңда 7 768 жұмыс орны ашылды. Бұл жоспарланған жұмыс орнының 83,5 %-ын ғана құрайды. Яғни, әлі де 1500-ден астам жұмыс орындары бар. Бірақ, өздеріңіз жақсы білесіздер халық арасында немесе әлеуметтік желілерде жұмыссыздық мәселесі жиі көтеріледі. Дегенмен, жоғарыда айтқанымдай бізде жұмыс орындары бар, алайда жұмыс орындарына деген сұраныс болмай тұр. Жұмыс сұраушылардың басым бөлігі ауыр жұмысты қаламайды. Ұсынған жұмысты ауырсынып, жеңіл жұмыс, жеңіл ақша тапқысы келеді. Ал, шын мәнінде жұмысқа мұқтаж адам еңбекті ауыр немесе жеңіл деп бөліп қарамайтыны анық. Сондықтан жерлестеріме айтатыным осы мүмкіндікті тиімді пайдаланайық”, – деді аймақ басшысы.

Гүлшара Наушақызының айтуынша, бүгінгі таңда Қызылорда қаласында 98 жоба бойынша жұмыстар басталып, 2 724 азамат жұмыспен қамтылса, Арал ауданында барлығы 16 жоба іске асырылуы жоспарланса, нақты жұмысқа орналасқандардың саны –505 азаматты құрап отыр.

Сондай-ақ, Қазалы ауданында 42 жобадан 41-і басталды. Нақты жұмысқа орналасқандардын саны – 1059 адам. Ал, Қармақшы ауданында 29 жоба бойынша жұмыстар басталып, 163 азамат жұмыспен қамтылған.

Жалағаш ауданында 18 жобаның барлығы басталып, 539 азамат, Сырдария ауданында 18 жоба бойынша жұмыстар басталып, 321 азамат, Шиелі ауданы бойынша барлық 21 жоба бойынша жұмыстар басталып, 649 азамат жаңа жұмыс орындарына қабылданған.

Сонымен қатар, Жаңақорған ауданында 23 жоба іске асырылуда, 539 азамат жұмысқа қабылданған.

Тағы да оқыңыз: