Сыр өңірінде геоархеологиялық зерттеулер жүргізіледі – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Сыр өңірінде геоархеологиялық зерттеулер жүргізіледі

13.04.2020, 17:55

745 3

Kyzylorda-news.kz. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Халықаралық «Геоархаология» ғылыми-зерттеу зертханасы бұдан он шақты жыл бұрын құрылған. Бастапқы кезде оны тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағамбетов ұйымдастырып, басқарған болатын. Қазіргі таңда зертхананы тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ғалымжан Бексеитов басқарып келеді.

Бұл зертхананың құрылғандағы мақсаты далалық және камералық зерттеулерге пәнаралық ізденістерді ұштастырып, тың да сүбелі нәтижелерге қол жеткізу болып табылады.

Әрине, қазіргі таңда әрбір ғылым саласының өзіндік әдістері қалыптасқан. Алайда пәнаралық зерттеу зерттеулерге көшу, ғылыми ізденістерге алуан түрлі ұстанымнан келу және соны нәтижелерге қол жеткізу заман талабы болып отыр. Бүгінгі күні бірде-бір ғылым саласы басқа пәндермен интеграцияға түспей қомақты нәтижелерге жеткізе қоймайтындығы белгілі. Мұны отандық және шетелдік зерттеушілердің практикадағы тәжірибесі де көрсетіп берді. Гуманитарлық пәндерге жаратылыстану ғылымдарын кіріктіру тәжірбиесі археологияда бұрыннан бар. Әсіресе ежелгі өндіріс орындары мен палеоландшафты қалпына келтіру, ескерткіштің абсолюттік мерзімін нақтылау, табылған артефактілердің қыр-сырына үңілу бұрыннан қалыптасқан тәжірибе. Дегенмен мұндай тәсілдерді одан ары дамыту, жаратылыстану ғылымдарының (палеогеография, химия, физика, геоморфология, генетика, палеозоология, ақпараттану, т.б.) заманауи әдістерін, үздік технологияларын пайдалану ғылымды жаңа белестерге көтеріп жатыр деуге болады.

Жалпы алғанда, Халықаралық «Геоархеология» ғылыми-зерттеу зертханасы негізгі жұмыстарын Жетісу жерінде жүргізіп келеді. Алайда мамандарды Сыр өңірі тарих қойнауы да өткен жылдардан бері қызықтырып отыр. Алуан қатпарлы шежірелі Сыр өңірін адамзат баласы ілкі замандардан бері мекендеуде. Мұнда адам баласы тас дәуірі, палеометалл кезеңі, қола ғасыры, ерте темір дәуірінде тіршілік еткендігі археологиялық, этнографиялық және тарихи деректемелер негізінде анықталған. Халықаралық «Геоархеология» ғылыми-зерттеу зертханасының мүшелері Сыр өңіріндегі ескерткіштерді бірнеше жылдан бері зерттеуге азды-кемді ат салысып келеді. Алайда көбіне зерттеу жұмыстары археологиялық барлау шеңберінде жүргізілген болатын. Өткен жылы Қызылорда облысының бірнеше аумағынан жаңа ескерткіштер далалық барлау жұмыстары барысында анықталды. Бұл ізденістерге жергілікті археологтар, «Геоархеология» зертханасының қызметкерлері күш салып, тас және қола дәуіріне жататын бірнеше археологиялық ескерткіштер орындары анықталған болатын. Әсіресе бұрын белгісіз болып келген тас дәуірлері мен қола ғасырының ескерткіштері Арал мен Қазалы аудандары аумағынан табылып отыр. Оларды зерттеу, тың материалдарды ғылыми айналымға қосу күн талабында тұр.

Биылғы жылдары жүргізілетін жұмыстардың отандық ғылымға өзіндік үлестерін қосатындығы анық. Себебі кешенді зерттеу жұмыстары алға қойылған тақырыптарды әр қырынан ашуға жетелейді, қордаланған мәселенің оңынан әрі жан-жақты қарастырылуына септігін тигізеді деген ойдамыз.

Досбол БАЙГУНАКОВ,

тарих ғылымдарының докторы,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

3

  • Сыр бойын кешенді зерттеген Хорезм экспедициясынан кейінгі тың жаңалықтар осы ізденіс жұмыстарымен жалғасын табатын сияқты. Осы Сырдың топырағындағы оғыздарға дейінгі және кейінгі сәулет құрлыс өнерінің тылсым сырлары талай жұмбақтың шешуіне жол ашатыны анық! Іске тек, сəттілік тілейміз

  • Сыр өңіріндегі археологиялық кешенді зерттеулерды 1946-1991 жж аралығында КСРО ҒА Хорезм археологиялық этнографиялық экспедициясы жүргізген. Жүздеген ескерткіштер ашылып, олар дәуірлерге бөлініп, жіктелген еді. 90 жылдарды тоқтаған зерттеулерді Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты мен Қорқыт Ата атындағы ҚМУ университеті 1998 жылы бастап, кешенді зерттеулерді 2004 жылы белгілі археолог Ж.Құрманқұлов Шірікрабат мәдениеті ескерткіштерінен бастады. 2005 жылы бұл зерттеу тобына РҒА Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институты қосылды. Зерттеу нысаны ретінде Жанкент қалашығы таңдап алынды. Бүгінде аймақта алғаш рет 2011 жылы қазақ-орыс-неміс ғалымдарының тобы геоархеология және геофизикалық зерттеулерді Жанкентте, оның төңірегінде жүргізіп келеді. 2007-2011 жылдар аралығында Ж.Құрманқұловтың жетекшілігіменен «Қызылорда облысының ескерткіштер жинағын» жығару мақсатында Шиелі, Жаңақорған аудандары (отряд жетекшісі М.Елеуов), Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы, Арал аудандары (отряд жетекшісі Ә.Тәжекеев) бойынша барлау экспедициясы 2000-нан аса ескерткіштерді қамтыды. Жинақ 2007 жылы орыс тілінде, 2011 жылы қазақ тілінде жарияланды. Мәдени мұра бақдарламасы аясында 2004-2011 жж. Шірік рабат ескерткішінен бөлек Баланды (археологтар Ж.Жетібаев, Ж.Утубаев, С.Б.Болелов, Р.Т.Дәрменов), Сығанақ (С.Жолдасбаев), Жанкент және Кескенкүйік, Арал-асар, Кердері (К.М.Байпақов, Д.Воякин) ескерткіштерінде кешенді зерттеулер жүргізілді. Табылған мол жәдігерлер Алматы, Нұр-Сұлтан, Қызылорда музейлері қорларында сақтаулы. 2012 жылдар бері Қорқыт Ата атындағы ҚМУ мен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты ғалымдары ҚР БҒМ Ғылым комитетінің гранттың жобалары бойынша Шірік-рабат, Сеңгіртам, Бәбіш-мола, Жанкент, Шіркейлі Қос-асары сында ірі ескерткіштерде зерттеулерін жалғастырып келеді. 2014 жылдан бері өлкемізде зерттеудің жаңа кезеңі басталды. Оның себебі, сол кездегі облыс әкімі Қ.Е.Көшербаевтың бастамасымен құрылған «Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраларын сақтау және пайдалану» ғылыми-әдістемелік Кеңесі еді. Кеңес шешімімен Шірік-рабат, Бәбіш-мола, Жанкент, Сығанақ, Сортөбе, Қыш қала ескерткіштерінде археологиялық зерттеулер жүргіліп келеді. 2020 жылы бұл ескерткіштерге Алтын Орданың 750 жылдығына орай Асанас қалашығы қосылып отыр. Жанкент, Сортөбе, Асанас ескерткіштерін Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, Бәбіш-мола кешенінде Ә.Х.Марғұлан атындағы АИ, Сығанақ қаласында Қ.А.Яссауи ХҚТУ ғалымдары және Қыш қала ескерткішінде белгілі археолог М.Елоуов жетекшілігімен іске асатын болады. Бұл зерттеулерді Қызылорда облысы “Қызылорда
    облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Қызылорда облыстық тарихи
    және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» мемлекеттік мекемесі қаржыландыратын болады.

  • Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Халықаралық «Геоархаология» ғылыми-зерттеу зертханасының мамандарының өлкемізде геоархеологиялық ізденіс жұмыстары бүгінде іске асып жатқан кешенді зерттеулерге үлесі болары анық. Мақала айтылған Арал, Қазалы өңіріндегі тас және қола дәуірлерінің ескерткіштері 2006, 2013 жылдары ашыла бастаған еді. Арал өңірі Ұлы Жібек жолы ғана емес, ежелгі халықтардың көші-қон жолдарының тоғысқан аймағы. 2018, 2019 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУне Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-і жолдамасы арқылы білім алып жатқан докторанты И.С.Құрманиязовтың диссертация тақырыбына орай бірлескен барлау жұмыстары осы аймақтарға қайта ұйымдастырылған болатын. Барлау жұмысы осы пікіп қалдырушының жетекшілігімен жүрді. Нәтижесінде Үрген, Ақирек, Тастөбе сияқты тас-қола дәуірінің ескерткіштері анықталды. Сонымен қатар Арал теңізі мен Қамыстыбас көлі аралығында акула тұқымдас балықтардың көп мөлшерде тістері табылды. Палеонтолог мамандар оны шамамен 100-45 млн жыл бұрынғы өмір сүрген теңіз (мұхит) жануарларына тиісілі екенін айтады. Сыр өңірінің құм басқан өркениетін ашу жолында өлке тарихын зерттеуші ғалымдарға жаңа далалық сезон алдында табыс тілеймін!

Пікір қалдыру