Kyzylorda-news.kz. Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселе екендігі мәлім.

Сыбайлас жемқорлық заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр.

Әр адам сыбайластықты болдырмауды өзінен бастаса деймін. Сыбайластық біздің тіршілігіміздің барлық саласында бар. Мәселен, Сіз медицина саласындағы жоғары оқу орнының мұғалімісіз. Сізге емтихан кезінде бір студент көмектесіңіз деп,  өтінішін білдірді. Ал, Сіз көмектесейін деген оймен бей-жайлыққа салынып, ақшасын да  алдыңыз. Жылдар өткен соң Сіздің жақыныңыз ауруханаға түсіп қалды, дәрігер жұмысына салғырттық танытып, жақыныңыздың отасы сәтсіз болды. Ол дәрігер сіз бұрын ақша алған студентіңіз болып шықты. Міне осы сияқты сыбайластық өміріміздің барлық саласына еніп, үлкен мәселеге айналған.

Жалпы барлығымыз жоғарғы әділ заңның алдында бірдейміз. Әрбір адам өзінің жасағанына жауап беруі қажет. Күрестің нәтижелілігі мен тиімділігі азаматтар, сізбен бізге тәуелді. Ойымша, әрбір азамат жалған дәрігерге емес нағыз дәрігерге қаралғысы келеді, яғни, өзінің оқуының ақшасын дипломын алғанға дейін әлдеқашан төлеп қойған дәрігерге емес. Әрбіріміз жолда өзін қауіпсіз сезінгісі келеді, бірақ бұл жүргізуші куәлігін сатуды тоқтатқан кезде ғана өз күшіне енеді. Әрбіріміз қарапайым ҚР Конституциясын білмейтін полиция қызметкерін емес, нағыз полиция қызметкерін – нағыз халық қорғаушысын көргісі келеді. Бұл іспеттес мысалдар үлкен мәселеге алып келуі мүмкін.

Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған мәселеге әрбір азамат ат салысып, қарсы жұмылуы қажет. Сонда ғана сыбайлас жемқорлық мәселесі тоқтайды деген сенімдемін.

Жасұлан Алдабергенов,

жоба үйлестірушісі

Тағы да оқыңыз: