Kyzylorda-news.kz. Түйткілдің негізі су тапшылығынан басталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шиелі ауданының тұсында 2016 жылы іске қосылған үрмелі бөгет бар. Қытай технологиясымен жасалған. Сырдарияның деңгейі түсіп кеткен кезде осы тоспа көтеріліп, егінге су жеткізілуі тиіс. Алайда осы құрылғының қызығын көре алмай отырмыз дейді шаруалар. Оған себеп, соңғы 5-6 жыл көлемінде егінге су жеткізу қиындап кеткен.

«Жердің сорлануына, тұздануына әкеп соғады. Ауыспалы егіс бұзылғалы тұр, бұзылып та жатыр. Бірақ соған қарамастан әрекет жасауға тура келіп тұр. Биылғы жылдың өзінде былтырғыға қарағанда 20-30 пайыз су аз болады деп жоспарлануда», – дейді шаруа қожалығының төрағасы Бауыржан Көпеев.

Алайда мамандар үрмелі бөгетті үнемі көтеріп қою мүмкін емес екендігін айтады. Сырдарияның деңгейі секундына 300 текше метрге дейін түсіп кеткен жағдайда ғана тіршілік нәрін теңдей үлестіру үшін бұл тоспаны тек 30 сантиметрге дейін көтереді екен. Одан асырсақ, төменгі аудандарға тиісті көлемдегі су жетпей қалады. Осылайша олардың да егіні күйіп кетуі мүмкін дейді мамандар.

«Дариядағы судың аздығына байланысты бізге лимит бөліп береді. Сондықтан былтыр 12 мыңға түсті, биыл 11 мыңға түсіп отыр. Бірақ ол өз функциясын орындап тұр. 3 метрге дейін көтеріп береді. Біз оны көтере берсек, төменгі аудандарға су жетпей қалады. Өз лимитімізді ғана аламыз», – дейді Шиелі су шаруашылығы өндірістік учаскесінің басшысы Дихан Әубәкіров.

Шиелі ауданы биыл 11 мың гектар жерге күріш егетін болды. 2019 жылы бұл көлем 14 мың гектардан асқан. Есесіне суды аз қажет ететін басқа дақылдарды күтімге алмақ. Мәселен, өткен жылы 70 гектарға егілген қант қызылшасын биыл 150 гектарға көбейткен.

«Шығынданып еккен кезде ертең су шықпай қалып жатса, ол үлкен шығын болады. Сондықтан түсіндіріп жатқанымыз сол. Биік жерлерге екпеу, әрине, ратацияны сақтауымыз керек, бірақ күріштің көлемін азайтып, дәнді-дақылдар, малазықтық дақылдар, жүгері, арпа, соя деген сияқты, жоңышқаны көбейту, осы бағытта түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – дейді Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов.

Тұрғын саны Шиеліден екі есе аз өзге аудандар бізден 2-3 есе көп күріш егеді. Егіндік жерді тоздырып алмас үшін аудан жыл сайын шамамен 14 мың гектарға Сыр маржанын егуі керек. Бұлай болмаса, жер құнарын жоғалта береді. Суармалы су бөлу кезінде осы түйткілдер ескерілсе дейді шиелілік шаруалар.

Тағы да оқыңыз: