Kyzylorda-news.kz. Облыс әкімінің орынбасары Б.Жаханов пен аудан әкімі Қ.Мүбараков аудандық, облыстық су шаруашылығы мекемелерінің өкілдерімен және сала мамандарымен бірге шаруа қожалықтарды аралап, егістікке су жеткізу мәселелерін талқылады.

Оған себеп, бүгінде Шиелі ауданы бойынша бірқатар шаруашылық құрылымдарының егістігінде су жетіспеушілігінің туындау қаупі орын алды.

Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің дерегінше Р-12 магистральды каналының 115-217 ПК арасында орналасқан Бестам ауылдық округіне қарасты «Бестам елі», «Алтын дән» және «Ақниет-2» шаруа қожалықтарының жалпы егілген 720 гектар күріш егісінде суы құрғап қалған атыздар бар. Шаруашылықтар тарапынан тиісті шаралар жасалғанымен (насос қондырғыларын қою) мәселені толығымен шешуге қауқарсыз.

Судан қалу қаупі бар егістерді суды үнемді пайдалану арқылы суармалы сумен қамтамасыз ету үшін тиісті су шаруашылығы мекемелеріне 5 күн ішінде мәселені толығымен шешу тапсырылды.

Сондай-ақ, К-1 К-3 коллектрлерінен Р-12 каналына қосымша насостар қою «Қаз сушар» өндірістік мекемесіне тапсырылды.

Аталған тапсырмалар бойынша облыстық су шаруашылығы мекемесі мен «Шиелі сушар» өндірістік мекемесі бірлесіп су жеткізу жолдарын жан-жақты саралап, қолданылатын шұғыл шаралар туралы нақты шешімдер қабылданды.

Тағы да оқыңыз: