Kyzylorda-news.kz. Бүгін Шиелі ауданында 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай, Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті.

Салтанатты шарада аудан әкімі Нұржан Ахатов сөз сөйлеп, аудан ардагерлерін мерейлі мерекемен құттықтады.

«Біз, әрқашан «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген аталы сөзді ұрпағының бойына сіңіріп өскен, қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Бұл мереке — аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін және ардагерлерге қамқорлық көрсететін күн болып табылады. Бүгінде халықтың, оның ішінде зейнеткерлер мен мүгедектердің тұрмыс деңгейін көтеру — мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Қазіргі таңда аудан бойынша 8735 ардагер болса, оның ішінде ортамызда бір Ұлы Отан соғысына қатысушы Байжанов Сәрсенбек ағамыз да бар. Еңбегімен еленген 301 тыл ардагерлері мен 154 Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілгендер және 136 жалғыз басты қарттарымыз бар, — деп атап өткен аудан басшысы Нұржан Ахатов ауданда ардагерлердің материалдық-тұрмыстық жағдайын жақсартуға, денсаулықтарын нығайтуына жан-жақты көңіл бөлініп жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар, қадірменді қарияларға ұзақ өмір, мықты денсаулық, амандық пен құт-береке тіледі.

Салтанатты жиын ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар ардагерлерді марапаттаумен жалғасты. Ардагерлердің құрметіне ән айтылып, күй күмбірі әуелеп, қазыналы қарттарымыз көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Шарадан соң ардагерлер құрметіне мерекелік дастархан жайылды.

Тағы да оқыңыз: