Серік Сүлейменов Жалағаш ауданындағы бірқатар нысандарды аралады – Kyzylorda News
Басты бет

Серік Сүлейменов Жалағаш ауданындағы бірқатар нысандарды аралады

14.05.2021, 17:20

472 0

Kyzylorda-news.kz. Бүгін Жалағаш ауданы әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменовтың қатысуымен мәжіліс өтті. Басқосуға аудан әкімі Асылбек Шаменов, облыстық басқарма, тиісті сала бөлім басшылары, коммуналдық мекеме басшылары қатысты.

Мәжілісте алғашқы болып облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тлеумбетов сөз алып, аудандағы жол жөндеу мәселелері туралы хабарлады.

«Жалағаш ауданында жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл «Қызылорда-Жалағаш» автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жұмыстары басталады. Жобаның жалпы құны 3 млрд теңгені құрайды. Биылғы жылы республикалық бюджеттен орташа жөндеу жұмыстарына 1 млрд. теңге қаржы қаралды. Сонымен қатар «Ауыл -ел бесігі» бағдарламасы аясында Таң ауылындағы 8 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі», – деді басқарма басшысы Мұрат Тлеумбетов.

Мұнан соң Жалағаш ауданындағы құрылыс жұмыстары туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетов, ауыз су және электр желісімен қамту, газдандыру жұмыстары жайында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов баяндады. Басқарма басшылары өздерінің салаларына қатысты жұмыстардың барлығы жоспарға сәйкес жүріп жатқандығын тілге тиек етті.

Кездесуге қатысушылар аудандағы өзекті мәселелерді ортаға салып, шұғыл шешімі табу қажет ұсыныстарды жеткізді.

Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов айтылған мәселелердің барлығы назарда болатынын, басқарма басшыларына күн тәртібінде қаралған мәселелер мен айтылған ұсыныс-пікірлерді жіті қадағалауды тапсырды.

Кездесуде Жалағаш ауданының әкімі Асылбек Шаменов аудандағы әрбір жобаға қатысты ұсыныстарды тыңдап, оған қолдау көрсеткен облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменовке алғыс білдірді.

Серік Сүлейменов ауданға сапары барысында аудандағы бірнеше әлеуметтік нысандарды көріп, аралады.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары ең алдымен Таң ауылына қарасты Бозарық каналы бойындағы айналма автожолдың сол жақ бөлігінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Биыл мамыр айында басталған құрылыс осы жылдың тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда. Жолдың ұзындығы 1,0 км, ені 6 метрді құрайды.

Бұдан кейін Серік Жүсіпұлы Таң ауылындағы Орынбай жырау көшесінің жөндеу жұмыстарымен де танысты. Бұл жолдың ұзындығы 1,32 шақырым, ал ені 6 метрді құрайды. Жөндеу жұмыстары тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов жөндеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтауды тиісті сала басшыларына тапсырды.

Сонымен қатар Әйтек каналындағы облыстық маңызы бар «Қызылорда-Жалағаш-Самара-Шымкент» автомобиль жолы бойындағы 90-150 шақырымдағы және 76+300 шақырымдағы көпірлердің күрделі жөндеу жұмыстарымен (№6 пост) танысты.

Көпірлерді жөндеу жұмыстары өткен жылдың қазан айында басталған. Биылғы жылдың маусым айында екі көпірді де пайдалануға беру жоспарлануда. Мұнда 40 жұмыс орны ашылған. Екі көпірдің жалпы ұзындығы 55,77 метрді құрайды.

Құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов мердігер мекеменің басшыларына көпірді уақытында пайдалануға беру қажеттігін ескертті. Ал, тиісті сала басшыларына құрылыстың сапалы болуын қадағалауды тапсырды.

0

Пікір қалдыру