Kyzylorda-news.kz. Сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін сотталған бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтің жазасын өтеу мерзімі аяқталды, деп хабарлады ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитеті.

“Сотталған С.Н.Ахметов 2021 жылдың 1 қыркүйегінде мерзімін өтеуіне байланысты жазаның негізгі түрі бойынша пробация есебінен шығарылды”, – деп хабарлады комитет.

Қазір Ахметов Қарағандының Қазыбек би ауданының пробация қызметінде белгілі бір лауазымды атқаруға тыйым салу түріндегі қосымша жаза бойынша есепте тұр.

Айта кетері, 2015 жылдың желтоқсанында Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі “сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету”, “кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу”, “лауазымдық өкілетін теріс пайдалану” және “заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау” баптары бойынша он жылға бас бостандығынан айырылды.

2016 жылдың наурызында сот жазаны өтеу мерзімін сегіз жылға қысқартты, ал 2017 жылдың қаңтарында Ахметов Тәуелсіздіктің 25 жылдығында жарияланған рақымшылық бойынша жазаның өтелмеген бөлігін қысқарту туралы өтініш жасады.

Кейін Серік Ахметовтың жазасын өтеудің нақты мерзімі бас бостандығын шектеуге ауыстырылып,  колониядан босатылды.

Тағы да оқыңыз: