Сайлаубай Әбішев: Бірлік – жетістікке жеткізеді – Kyzylorda News
Басты бет

Сайлаубай Әбішев: Бірлік – жетістікке жеткізеді

02.04.2020, 12:20

953 0

Kyzylorda-news.kz. Қазіргі таңдағы проблеманың бастысы жер жаһанға кең тараған «Коронавирус» пандемиясы туралы болып отыр.

Бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайтынын қазіргі қалыптасқан жағдай осыны дәлелдеуде. Бұл турасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы шешім шығарып, республика аймағында, оның ішінде Сыр бойында да төтенше жағдай жарияланды.

Осыған байланысты жергілікті жерлерде нақтылы іс шаралар жүзеге асырылуда, бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары күнделікті мәліметтерменен қалың жұртшылықты хабардар етуде. Бәрі шындық, бәрі рас!

Бұл эпидемияға қарсы тұру тек қана мемлекеттік органдардың жұмысы ғана емес әрбір Қазақстан азаматының, тірі пенденің төл міндеті болуы тиіс.

Өмір сүрудің аксиомасы өзіңді-өзің сақтандыр, өзгеге жанашырлық сөзіңді жеткіз, атқарылып жатқан жұмыстарға қолдау көрсет.

Төтенше жағдай кезінде қабылданған шешімдердің әрбір пунктінің орындалуына азаматтық борыштарынды орындаңдар! Бұл істе ардагерлер қауымдастығының, ардагерлердің атқарар жұмыстары жеткілікті-ақ. Болашақ ұрпағымыздың денсаулықтарының зардап шекпеуіне өмірлік тәжірибелеріңізді айтыңыздар!

Халқымыздың басынан өткізген қиын қыстау кездегі зұлмат замандардан қалай аман-есен шыққанымызды, ұлт болып қалай ұйысқанымызды үнемі нақты мысалдармен жеткізе беріңіздер! Күні кешегі тәуелсіздігіміздің алмағайып кезеңінде болған қиыншылықтарды еске түсіріңіздер. Халқымыздың санасында сақталған мына сөз «мың өліп, мың тірілген қазақ» деп тегін айтылмаса керек.

Билік басындағы азаматтарға қамқор көңілдеріңізді білдіре отырып, әрбір жасалынып жатқан іс әрекеттеріне қолдау көрсетейік, ардагерлер демекпіз. Біздер, барлық уақытта қиын қыстау шақта халық пен билік біргеміз!

Қазақ елінің болашағы үшін белсенді қызмет жасай берейік, ағайын!

Көктемнің шуақты күнінің әрбір мезгілін тиімді пайдаланып, үй жайымыздағы ағаш егу, гүл отырғызу, көкөніс егу жұмыстарын шарбақтан шықпай-ақ атқара беруге болады, жастарға үлгі көрсетейік, абзал Ардагерлер!

Сайлаубай ӘБІШЕВ,

Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы