Kyzylorda-news.kz. Мәжіліс сайлауы алдағы жылдың 10 қаңтарында өтетіні ресми жарияланды 21 қазанда, деп жазады Texter сайты.

«Барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды. Орталық сайлау комиссиясы мен Бас прокуратура сайлаудың заңдылығын, ашықтығын және әділдігін сақтау үшін тұрақты бақылау жүргізіп отырады», — деген еді мемлекет басшысы Тоқаев.

Сайлауға 2 ай уақыт қалды. 2021 жылы болатыны бұрыннан айтылып жүрген еді, яғни партиялар іштей дайындықтарын бұрыннан бастаған болулары керек. Қазіргі заманда әлеуметтік желілер үгіт-насихат жұмыстары үшін қолайлы платформа болғандықтан, әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын әдіс болғандықтан Қазақстандағы сайлауға қатысатын саяси партиялардың қазіргі жағдайларын саралап көріп едім. Есепке тек соңғы 4 аптаның (28 күннің) мәліметтері алынды. 05 қазан 2020 — 01 қараша 2020 уақыты аралығында саяси партиялардың әлеуметтік желідегі жағдайы мынадай:

Facebook парақшалары:

Facebook-та оқырман әлбетте Nur Otan партиясында көп. Пост жиілігіне қарасақ, Ауыл партиясы белсенділік танытып жатыр. Ақжол партиясында пост саны аз, бірақ орташа реакция бойынша 2-орында. Ал Қазақстан коммунистері жазылған оқырман саны аз болғанымен, орташа реакция бойынша басқалардан алда тұр. ЖСДП-да оқырман саны басқаларға қарағанда бар болғанымен, қарау ауқымы төмен. Бірлік партиясында жеке сайты да, әлеуметтік желіде ешқандай парақшасы да жоқ.

Жалпы Facebook әлеуметтік желіден гөрі саяси-қоғамдық пікірталас алаңына айналды. Саяси партиялар бұл платформаны дұрыс қолданулары керек еді. Алайда цифрларға қарасақ, жұмыстары өте сылбыр екені байқалады. Nur Otan партиясы жазылған адам саны басқаларға қарағанда анағұрлым көп болғанымен, әр посттың реакциясы бойынша тек 3-орында. Ауыл партиясында жаңалық көп, бірақ реакция жоқ еді, тек соңғы уақытта ғана таргетинг қоса бастаған сияқты, өйткені соңғы аптадағы жазбаларының статистикасы жақсы. ЖСДП оппозициялық бағыттағы қолданушыларға ақпаратын жеткізе алмай отырғандай. Бұл желіде олар соңғы орында. ҚКХП мен Ақжол алғашқы орындарда көрінгенімен, жалпы статистика саяси партияға жараспайды әрине. Бұл Мәжіліс сайлауы! Қыз сыны, Жігіт сұлтаны немесе Жайдарман фестивалі емес. Белсендірек, қыздар, белсендірек. Уақыт аз қалды.

Instagram

Instagram-да оқырман саны әжептәуір бар. ЖСДП бұл жерде де пассив болса, Ауыл күніне кем дегенде 2 постпен тым белсенді. Бірақ бұл жерде де коммунистердің жанкештілігін айта кету керек. Адам саны аз болғанымен, Ақжолға қарағанда 20 есе аз оқырманы болса да, орташа реакция бойынша 2-орында. 218 мыңдық армиясы бар Nur Otan әр постқа орташа есеппен 438 лайк жинайды. Instagram-ның ерекшеліктерін ескеру керек партияларға. Бұл жерде көбіне жас аудитория және еркектерге қарағанда әйелдер көбірек отыратын ескеріп, соған лайық контент жасаған дұрыс дер едім. Әсіресе әйелдерге әлеуметтік инженерия, манипуляция жасау оңайырақ. Сайлауға қатыссам, Instagram-ды, сондағы инфлюенсерді жақсы пайдаланар едім. Жалпы қарағанда партиялардың бұл жерде де тіршілігі байқалады. Бірақ аз, Бәке, аз.

Youtube

Видеолар бойынша таза аутсайдер Бірліктің қасына ауыл партиясын қосып қояйық. Ресми сайттарында көрсетілген Youtube каналында тек 10 адам жазылған және біраз уақыттан бері пассив. Бұрын қолданылған тағы бір каналы табылды, бірақ ол да қазір қолданыста емес екен. Жазылғандар саны бойынша Nur Otan әрине бұл жерде де лидер. ЖСДП статистикасы басқалармен салыстырғанда жақсы, бірақ қанша адам жазылғаны белгісіз, бұл жерін жауып қойыпты өздерінше. Жарайд, Асеке, 1 млн болмаса да, 500 мың бар шығар, ә? Орташа қаралымдар 29, 49, 164, 409 болған кезде не айтуға болады? Максимум қаралым ЖСДП-да — 1482. Youtube-да жақсы аудитория бар. Мұны тиімді пайдалану керек. Бірақ 2 айда не істей аласыздар? Иә, дұрыс айтасыздар — дым. Бұрын жасалмаған нәрсе қысқа уақытта қалай пайда бола қойсын? Youtube серверілерін босқа мазалап, қоқыс контент салып жатқандарыңызға мына жақта мен ұялып кеттім.

Twitter

Twitter-дегі белсенділік бойынша ҚКХП, Ауыл, Ақжол және Бірлік партиялары бірдей ұпай жинап отыр. Нөл!
ЖСДП 2-орынға жайғасыпты. 105 оқырманы бар социал-демократтар өткен айда 6 пост жазыпты. Демек Twitter-дің құпиясөзін ұмытпаған біреу бар, сол салып қойып отыр. Және 1 лайктары бар! Ал құрметті 1-орында кім деп ойлайсыз? Дұрыс, Nur Otan партиясы. Оларда 23694 оқырман бар, әр постқа 3 адам реакция көрсетеді.
Twitter-де адам жоқ, бізге пайда жоқ деп ойлайтын шығар бәлкім? Ок, солай болсын десек, басқа желіде де нашар ғой стат. Ал Twitter саясаткерлерге, партияларға, брендтерге престиж, репутация үшін керек. Әлемде жұрт жаңалықтарын алдымен сонда шығарады. Сондықтан бұл маңызды, қыздар.

Жалпы қазіргі көрініс осындай. Әлі 2 ай уақыт бар десек, кей нәрселерді әлде де күшейтуге болады. Партиялар өздерінің қай желіде артықшылығы бар екенін, қарсылас партиялардың қай желіде кемшілігі бар екенін саралап отырса, нәтижеге жетулеріне болады. Көшедегі билбордтардан, қағаз брошюралардан әлеуметтік желідегі бір таргетинг жарнамасы мың есе артық эффект береді. Сондықтан қаржыны оффлайннан гөрі онлайнға қарай бұру керек. Кейде сәтті бір видеоның өзі мәселені шешіп кетуі мүмкін. Аз уақыт ішінде партиялардан креатив контент, сәтті қадам, сапалы пиар күтеміз бе? Бұл тұрғыда пессимистпін. Бұрыннан жоқ нәрсе, қысқа уақытта болады деп ойламаймын. Алдағы уақытта да желідегі белсенділікті бақылайтын боламын. Сәттілік, қыздар!

Тағы да оқыңыз: