Kyzylorda-news.kz. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялады.

Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін халқымыздың тарихындағы осы бір қасіретті кезең туралы аз айтылған да, аз жазылған да жоқ.

Ардақты асылдарымызды қынадай қырған нәубеттің қазақ халқына тигізген зардабы көп. Саяси қуғын-сүргін жылдары, сталиндік репрессия салдарынан қазақтың 70 мыңға жуық көзі ашық, зиялы қауымы жазықсыз атылды. Бұдан бөлек 100 мыңдаған адам қамалып, айдауға түсіп, Сібірге жер аударылды. Кеңес Одағының солақай саясаты бойынша, отарланған ұлттың бас көтере алмай, құлақкесті құл болуы үшін, көзі ашық, саналы азаматтарының барлығы да қуғынға түсті.

Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде зобалаң жылдардың құрбандарын есте қалдыру мақсатында көптеген шаралар қолға алынды.

Қасым-Жомарт Кемелұлының бүгінгі үндеуін – сол шаралардың заңды жалғасы, жаңа деңгейдегі жұмыстардың басы деп қабылдадық.

Бәрінен бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсыруы – өте әділетті, дана шешім.

Ашығын айтайық, елімізде жаппай қуғын-сүргін мен ашаршылықтың көптеген аспектілері әлі де толық зерттелмеген.

Жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған көптеген есімдер ұмыт қалып, тіпті, кейбіреулері ақталмаған.

Бұл – тарихтың ақтаңдақ беттерін ашу алдағы уақытта мұндай жайт қайталанбау үшін маңызды.

“Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз”, – деді Президент бүгінгі үндеуінде.

Президент тарихи әділдікті қалпына келтіру үшін әділетті шешім қабылдап, тиісті пәрмен берді.

Енді сол жұмыстарды адал атқарып, ұрпағы үшін жазықсыз жапа шеккен арда азаматтардың рухы алдындағы міндеттерімізді толық өтеуіміз керек.

Сағат ТАЙМАН,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси ғылымдар кафедрасының доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты

Тағы да оқыңыз: