Kyzylorda-news.kz. Күннің қатты ысуына байланысты «КРЭК» АҚ компаниясының қосалқы станциясында 35 кВ әуе желісінде жүктеме көбейіп, апаттық жағдай орын алған болатын. Салдарынан қаладағы бірнеше шағын аудандарда электр жарығы мен ауыз су беру уақытша тоқтатылды. Осыған байланысты Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Руслан Нұрмағанбетов болған жағдайды түсіндіріп, қазіргі таңда жөндеу жұмыстары толық аяқталғанын хабарлады.

«Маусым айының 25-26 күні электр желілеріндегі ағытулардың салдарынан қаланың бірнеше аумақтарында апаттық жағдай орын алды. Сондай-ақ, электр желілерінің ағыту салдарынан су беруде ақаулықтар болды. Себебі «Бас тоған» су беру нысаны электр желілеріне бағынысты. Өздеріңізге белгілі, бірнеше күннен бері күннің қатты ысуы байқалады. Кей жерлерде 45 градусқа дейін ауа температурасы көтерілді. Бұл электр жүйесіне жүктеменің қатты өсуіне әкеліп соқтырады. Қазіргі таңда барлық жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Қала тұрғындарына электр жарығы мен су беру тұрақты түрде берілуде», – деді Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Руслан Нұрмағанбетов.

Тағы да оқыңыз: