Kyzylorda-news.kz. Қызылжарма ауылдық округінің Мәдениет үйінде Ақ орамалды Аналар сырласу кешін өткізді. Оған «Бойтұмар Ханым» қоғамдық қорының төрайымы, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі Рахима Ахметова, облыстағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова, Аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева, округтің аналары және БАҚ өкілдері қатысты.

Қатысушыларды «Әжелер» ансамблі әсем әнімен қарсы алды. Келген қонақтарға батыр ана Қуанышкүл Ахметқызы өнер шаңырағының кітапханасын, Қожабековтер «Халықтық» отбасылық ансамблін, «Ән-Ел» эстрадалық ән үйірмесін және ауыл әжелерінің күшімен әсемделген ұлттық нақыштағы мұражайды көрсетіп, құрылу тарихына тоқталды.

 «Қазақ қызы әрқашан өзінің керемет сұлулығымен, мінез-құлқымен, парасаттылығымен көрінген. Бүгінгі қыз – ертеңгі ұлт анасы. Осы орайда бүгін «Ақ орамал – адалдықтың, инабаттылықтың белгісі» атты кешімізге аналарды шақырып, сырласу кешін ұйымдастырып отырмыз. «Ақ орамал» жобасы аясындағы бұл мазмұнды шара бұған дейін облыстың 7 ауданында өткізілді. Әрбір кездесу, сырласу кешінде біз қыз баланың отбасындағы тәрбиесі, олардың өмірге бейімделуі, еңбекқор, білімді де әдепті, саналы да сезімтал, өресі биік ұрпақ тәрбиелеу жолындағы аналардың рөлі, тәрбиенің маңыздылығы туралы сөз қозғаймыз, – деді Рахима Ахметова бастады.

Сырласу кешінде 80 жастағы ақ жаулықты анадан жас келіндерге дейін қазіргі қоғамдағы ене мен келіндердің арасындағы сыйластық, әкеге деген құрмет, бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі ажырасу сынды тақырыптарға кеңінен тоқталып, өз пікірлерін ортаға салды.

«Ана тәрбиесі – жүректен шығып, іс жүзінде қолданылатын құндылық дейді. Жаның мен тәніңді барынша сергітіп, сұлуландырып жіберетін тек жақсы тәрбие ғана. Сондықтан жас ұрпақты үлкен өмір жолында дұрыс әрекетке бағыттап, тәуелсіздігіміздің тұғырын берік ұстайтын адами асыл қасиеттерге бай тұлғалар тәрбиелеу біздің басты мақсатымыз», – дейді Аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева.  

«Елдің еңселі болуы, еңсегей болуы – еңбекте. Ол еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады деген көне тәмсіл тұғырынан еш тайған емес. Мейлі қарын тоқ, көйлек көп болсын, еңбек ету – ешкімнің жығасын қисайтпайды. Қайта адал еңбек адамды нұрландыра түседі», -деді Батыр ана, Қожабековтер «Халықтық» отбасылық ансамблінің жетекшісі Қуанышкүл Ахметқызы.

Мазмұнды өткен кеш соңында ауыл аналары ықылас батасын беріп, ұйымдастырушыларға алғысын жаудырды. 

Тағы да оқыңыз: