Kyzylorda-news.kz. Ұзақ жылдар бойы «құпия» белгісімен сақталып келе жатқан істі арнаулы қызметтің қызметкерлері өзара «Уран мәмілесі» деп атайтын. Арада 12 жыл өткен кезде ғана ҰҚК Павлодар облысы бойынша департаменті бұл іс-шараның құпиясын ашты. Ірі қылмыстық топты ұстау үшін ұлттық қауіпсіздік офицерлеріне өздерінің денсаулықтарына келетін зиянды елеместен қылмыстық топтың құрамына енулеріне тура келді.

2010 жылы департамент қызметкерлері уранның әлемдік бағасын зерттеу қажеттілігін сезінді. Өйткені белгісіз адамдардың Қазақстаннан уран таблеткаларын сату үшін алып кеткісі келетіндігі туралы жедел ақпарат келіп түсті. Аумақтық органның сол кездегі бастығы Михаил Селевенко мен әріптестерінің киім-кешек немесе алтын сататын базарды емес, радиоактивті материалдар сататын жерді іздеуге тура келгендері еске түседі.

«Көпшілігіміз үшін мұндай тәжірибе бірінші рет болды. Ең бастысы, уран таблеткалары дегеніміз өзіндік сипаты бар тауар, оны сатып алатын адам табу да оңай емес. Біздің жағдайымызда әңгіме жалпы сомасы 125 мың АҚШ долларын құрайтын мәміле туралы болды. Сондықтан бұл әңгіменің жай ғана қалта қағатын ұрылар немесе алаяқтар туралы еместігін  анық түсіндік», – деп әңгімесін бастады арнаулы қызмет ардагері.

Департаменттің аға лейтенанты Азамат Ертісов радиоактивті материалдар партиясының қаскүнемдер қолына түскендігін алғашқылардың бірі болып білді. Күдіктілермен тікелей байланыс орнату үшін жедел қызметкерлер делдал рөлін ойнауды ұйғарды. Алайда, қылмыстық топтың құрамында Ішкі істер министрлігінің, Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы қызметкерлері, жергілікті қылмыстық топтың мүшелері және этникалық топтардың бірінің өкілдері болды. Яғни, құқық қорғау органдарының жұмыс тәсілін білетін, ықпалы бар адамдар еді. Иә, адамдармен астарлап сөйлесу әдісін олар да білді.

Департаменттің ең тәжірибелі қызметкерлерінің бірі, ведомствоның басқарма бастығы подполковник Қуат Қонаев делдал болып іске кіріскен аға лейтенантқа көмек ретінде жіберілді. Оған сатып алушы рөлін сомдау тапсырылды.

«Қылмыскерлердің мені өз адамы ретінде тануы талап етілді. Әйтпесе уран таблеткаларының қайдан шыққандығын, оны шығарып берген тізбекте кімдердің болғандығын білу мүмкін емес еді», – дейді бұл іс туралы Қонаев.

Біраз уақыт сырттай сөйлескеннен кейін екі жақ бетпе-бет кездесуге келісті. Кездесу орны ретінде Павлодардағы мейрамханалардың бірі белгіленді. Қуат Қонаев сонау Алматыдан келген бизнесменнің рөлін ойнап, талап етілетін соманы бірден тауып беруге дайын екендігін мәлімдеді. Алайда сатушылар жауап беруге асықпады. Сатып алушының сенімді адам екендігін тексергісі келетіндігі түсінікті болды. Бір рет «көріп» кету аздық етті. Қылмыскерлер әуелі өздерінің таныстары арқылы серіктесін тануға тырысты, ал кейінірек оның соңынан ілесіп отырды. Кафеде немесе ойын-сауық орындарында өткен кездесулердің бәрінде «құйыршық» подполковниктің соңында жүрді.

«Павлодар шағын қала, сондықтан сол мейрамханада отырғанның өзінде-ақ сені біреу танып қоюы мүмкін деген қауіп үнемі ойда жүрді. Сондықтан әрбір келіссөзді ұйымдастыру барысында біз майда-шүйденің бәрін есепке алдық: кім бірінші болып келуі керек, құпия қызметкер қай жерде отыруы керек. Тіпті столдың өзі көше терезесінен қаншалықты қашықтықта болуы керектігін есепке алмасақ болмады», – дейді Алмас Қатықбаев.

Іс-шараға қатысқан арнаулы қызмет қызметкерлері құпия пәтерде тұрды. Қызметтің мүддесі үшін олардың жұмысқа және жеке өміріне қатысты барлық байланыстардан бас тартуларына тура келді. Жедел қызметкерлер үшін бұл басты мәселе болған жоқ. Бірнеше рет уранның бақылаулы сатып алуына қатысуға тура келді. Кейінірек санэпидбақылау органдары және «Үлбі металлургия зауыты» АҚ мамандары құқық қорғаушылар көрген материал шын мәнінде радиоактивті болғандығын растайды.

«Шындығын айтқанда, әрбір іс оның қатысушыларының денсаулықтарына айтарлықтай зиян келтірді. Өйткені олар қорғану киімдерін киместен сәуле көзіне өте жақын тұрды, ал радиация деңгейі белгіленген мөлшерден бірнеше есе артық еді. Бірақ қандай жағдай болса да жұмысты соңына дейін жеткізу керек болды», – деп еске алады Михаил Селевенко.

Ядролық материалдардың заңсыз айналымы мәселесінде қаскүнемдердің бағыт-бағдарының анық екендігін ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері операция барысында байқап үлгерді. Олар бір ғана саудамен шектелгілері келмейтін сияқты, Таяу Шығыс елдеріне уран сатудың тұрақты арнасын ұйымдастырғылары келетіндіктері аңғарылды.

Бақылаумен сатып алғаннан кейін жедел жете тексеру аяқталды. Сатушыларды шошытып алмас үшін сатып алушының төлем қабілеттілігін іс жүзінде дәлелдеу керек болды. Ол үшін ҰҚК департаментінің басшылығына банктердің бірінен қажетті соманы шетел валютасымен, әрі кепілімен алуға тура келді.

2010 жылғы 10 ақпанда қылмыстық топтың негізгі қатысушыларын ұстау операцияның соңғы кезеңі болды. Іс-шараны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері полициялық ведомстводағы әріптестерімен бірігіп жүзеге асырды. Күдіктілерде қару болғандығы ескеріліп, іс-қимыл жоспары сол қаруды қолдануға тырыспайтындай етіп құрылды.

Бұл операция белгісіз сипатта және болжап болмайтын жағдайға департамент қызметкерлерінің қысқа мерзімде дайын бола алатындығын көрсеткен кезекті, бірақ үйреншікті емес ісі болды.

«Уран ісі» Павлодар мен Семей арасындағы тасжолда аяқталып, бірден 11 адам ұсталды. Олар қылмыстық істегі өздерінің ойнаған рөлдеріне байланысты әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.

Тағы да оқыңыз: