Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет қаладағы №235 орта мектепке келіп, Рахат Қалыұлы Құлтанов атындағы «Атамекен» мектеп мұражайымен танысты.

Білім ошағындағы мұражай 1988-1989 жылдарда құрылған. Сол жылдары мектептің алғашқы директоры Рахат Құлтановтың бастамасымен ашылған бұл мұражай бүгінде республикамыздағы білім беру ұйымдарындағы мұражайлардың арасында көш бастап тұр. Он бес бөлімнен тұратын мұражайды басқарма басшысына ұзақ жылдары мұражайды қалыптастырған ардагер ұстаз Күләш Алматшақызы таныстырып, тарихына кеңінен тоқталды.

Тарихи мәліметтер мен жәдігерлер арқылы жас ұрпақты ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге, еңбек пен ерліктің үлгісін көрсеткен тұлғалар өмірін үлгі етуді мақсат тұтқан мұражайдағы әрбір бөлімде терең зерттеулерді қажет ететін, тарихы тереңде жатқан жәдігерлер өте көп. Атап айтар болсақ, «Абай және Алаш арыстары», «Нумизматика», «Зергерлік бұйымдар», «Ұлттық құндылықтар», «Киелі киіз үй», «Ұлы Отан соғысы ардагерлері», «Байқоңыр», «Арал» бөлімдерінің оқушылар үшін маңызы ерекше. Мектеп директоры Роза Тағыбергенқызының айтуынша, бүгінде ұстаздар сабақтарын мұражаймен байланыстыра отырып өткізуді дағдыға айналдырған.

Мұражайдың жұмысымен танысқан Мейрамбек Зинабдинұлы жас өркендеріміздің патриот тұлға болып қалыптасуы үшін мұражайдағы ұлттық құндылықтар мен Сыр елінен шыққан даңқты тұлғалардың өнегелі өмір жолдары туралы мәліметтердің ұрпақ үшін алар орны ерекше екенін айтты. Сондай-ақ, басқарма басшысы аталмыш білім ордасын аралап, жұмысымен танысты.

Тағы да оқыңыз: