Kyzylorda-news.kz. 4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күніне орай Сыр бойындағы барлық мемлекеттік мекемлер мен ұжымдар жұмыс күнін Гимн айтудан бастады.

Ал негізгі шара, облыс орталығы – Қызылорда қаласында орналасқан Мемлекеттік рәміздер аллеясында «РӘМІЗДЕР – ЕЛДІГІМНІҢ, ТЕҢДІГІМІНІҢ АЙБАРЫ» тақырыбымен патриоттық акция ұйымдастырылды.

Тәуелсіздігіміздің тұмары, елдігіміздің айбары саналатын рәміздерімізді ұлықтауға арналған облыс басшылығы, аймақтағы зиялы қауым, ардагерлер, этномәдени бірлестіктер, азаматтық қоғам өкілдері, әскерилер мен жастар, жас бүлдіршіндер қатысты.

Салтанатты шара барысында хордың сүйемелдеуімен жанды дауыста Мемлекеттік Гимн шырқалып, жас өнерпаздар мен жергілікті әншілердің орындауында патриоттық әндерге ұласты.

Шара соңында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, 30 автокөліктің қатысуымен авто, велошеру қала көшелерімен жүріп өтті.

Жалпы, айтулы мереке күні өңірде түрлі бағыттағы шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында «көңілді автобус» тақырыбында жергілікті өнерпаздар қоғамдық көліктерде патриоттық әндер шырқаса, «Жастар орталығы ғимаратында» шығармашылық жастар кездесуі, сұхбаттар алаңы жұмыс жасады. Өнер арбаты мен ірі сауда ойын-сауық орталықтарында өткен «Менің Қазақстаным» акциясы, «Домбыра думан», «Qosyl acoustic» патриоттық әндер кеші мерекенің маңызын аша түсті.

Бұл шаралардан бөлек, осы күні оқу орындары мен кітапханаларда, мәдениет ошақтарында, қала және аудандарды басқа да тақырыптық шаралар ұйымдастырылды.

Тағы да оқыңыз: