Kyzylorda-news.kz. Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына орай Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мен ата-аналары облыстағы ардагерлердің үйіне барып, мерекемен құттықтады.

Бүгінде Қызылорда облысында көзі тірі небәрі 16 Ұлы Отан соғысының ардагерлері қалды. Солардың бірі 96 жастағы Әбдірахман Байтіков. 1942 жылы майданға аттанған ол Курск шайқасында атқыштар дивизиясының құрамында ерліктің нағыз үлгісін көрсетті. Жеңіс батырына Зияткерлік мектептің «Алаш» Шаңырағы сый-құрмет көрсетіп, ақсақалдың ақ батасын алды.

Отты жылдарда Беларусь, Польша, Германия майдандарында болған тағы бір Жеңіс батыры – Бөрібай Құлманұлы биыл ғасырлық тойын атап өтеді. «Сұңқар» шаңырағы өкілдерімен өткен кездесуде Бөрібай ата майдан даласындағы естеліктерін айтып, өзіне көрсетілген құрметі үшін ризашылығын білдірді.

«Елімізде тыныштық болсын, халқымыз ауызбіршілікте өмір сүріп, жастарымыз еліміздің атын асқақтата берсін. Арнайы бас соғып жағдайымды сұрап келгендеріне үлкен рақметімді айтамын. Өрендеріміз білімді болып, еліне, жеріне қызмет ететін нағыз маман иелері болып өссін», – дейді ақсақал.

Мәскеу маңында әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерінің сапында талай жауға соққы беруде жанын аямаған Кәлеп Бектұрғановқа да мектептің шынайы құрметі мен алғысын 12-сынып оқушысы Тамара Розметова жеткізді.

«Ер есімі – ел есінде» демекші, ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды. Ардагерлердің ерен ерліктері, қажырлы еңбектері мен табандылықтары үшін бас иеміз. Біздің білім алуымызға және болашаққа мақсат құрып, армандардың орындалуына жол ашып, бейбіт күндерді сыйлаған ел ақсақалдарына алғысымды білдіремін, жадымызда мәңгілік сақталады», – деген құттықтауын жеткізді 12-сынып оқушысы Тамара Розметова.

Осылайша отты жылдардың бел ортасында болып, соғысты басынан өткерген тарихи адамдармен жүздесу бақытына ие болған қызылордалық зияткерлер Жеңіс батырларының есімдері жастардың мәңгілік есінде сақталып, олардың жасаған ерліктері ұрпақтан ұрпаққа жетіп отыратынын көрсетті.

Тағы да оқыңыз: