Kyzylorda-news.kz. Бірлігі мен ынтымағы артқан жерде тірліктің берекесі кіріп, ісің алға басары сөзсіз. Бар зейініңді жұмысқа салып, Отаныңның көркеюіне үлес қосу арқылы, елдің ықыласына бөленерің анық. Бүгінде өзге ұлт өкілі болса да, туған жерінде тірлік етіп, Қазақстанның гүлденуіне үлес қосып, Сыр өңірінің дамуына атсалысып келе жатқан Абдуллаева Тогус Хамидқызы құрылыс саласында еңбек етті.

Құрылыста 40 жыл жұмыс істеп, саланың майталманы атанған Тогус Абдуллаева еңбегінің нәтижесінде қоғамға, кіндік қаны тамған туған жеріне қызмет етіп, елінің гүлденіп, өркендеуі жолында қосқан үлесі зор.

Саналы ғұмырын ел игілігі жолына арнаған нәзікжанды құрылысшы отыз жастан асқанда өмірлік серігінен айырылып, 6 баламен жалғыз қалған. Өмірдің бұралаң жолдарында қиындықты бастан өткерген ол еш мойыған жоқ. Балаларының болашағы үшін қызығынан қиындығы басым құрылысшы мамандығының қыр-сырын меңгере отырып, кәсібіне төселіп, барлық отбасы мүшелерін осы салаға бейімдеді. Бүгінде оларға жетекшілік етіп келеді. Қазіргі таңда Абдуллаевтар отбасы Қызылорда облысының ажарлы келбетін өрнектеп, қалаға сән беріп, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірдің айшықтала түсуіне мол үлес қосуда.

Бүгінде құрылысшылар династиясында 50-ге жуық жан аналарының жолын қуған. Шешен этносының өкілдері күндіз-түні тынбай осы салада жемісті еңбек етіп, аянбай тер төгіп келеді.

Қыстың күні қырауда, жаздың аптап ыстығы мен желді-дауылды күндерде ісіне мығым, сапалы сәулет құрылысына атсалыса білген құрыш қолды құрылысшы Тогус Хамидқызынан тараған әулет әлі талай Сыр өңіріне тер төгері анық.

Динара МАХАНОВА

Тағы да оқыңыз: