Қызылордалық оқушы Абайдың 200-ден астам шығармасын жатқа біледі – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Қызылордалық оқушы Абайдың 200-ден астам шығармасын жатқа біледі

13.01.2020, 10:20

117 0

Kyzylorda-news.kz. Қызылордалық оқушы Нұрай Өмірзақова қазақтың кемеңгер тұлғасы – Абайдың 200-ден астам өлеңін жатқа біледі.

Бүгінде ол Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оныншы сыныпта тәлім алады. Абай шығармаларына алғаш үшінші сыныпта қызығушылық танытқан екен. Сол уақытта ата-анасы оған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқуға кеңес береді. Содан бері Нұрайдың Абай шығармаларына деген қызығушылығы арта түседі. Ақынның өмірі мен шығармашылығын білуге құлшына кіріседі.

«Тарихи шығарма мені өзіне ерекше баурай түсті. Соңына дейін бас алмай оқып шықтым. Онда айтылған орындарды, тарихи қоныстарды көзіммен көруге талпындым. Бесінші сынып оқып жүргенде «Абай оқулары» деген байқаудың болатынын естідім. Соған қатысуға шешім қабылдадым. Әдебиет пәнінен дәріс беретін ұстазым бұл ниетімді құп көрді. Байқауда жеңген жүлдегер Абайдың дүниеге келген топырағы – Семей өңіріне баруға мүмкіндік алатынын жеткізді», – дейді Нұрай.

Осылайша, ол байқауға қатысуға белсене кірісті. Екі айдың ішінде ұлы ақынның 150-ге жуық шығармасын зердесіне тоқып үлгерді. Еңбегі еш кеткен жоқ. Аудандық және облыстық байқауда жеңімпаз атанды. Төрт айдан кейін республикалық байқауда Абайдың 200-ден астам және Шәкәрімнің 60-тан астам өлеңін зердесіне тоқып, білім бәйгесінде дипломант атанды. Нәтижесінде ақынның дүниеге келген топырағында тарихи орындарды аралап қайтуға мүмкіндік алды.

Бүгінде Нұрай сабақтан қолы бос уақытта Абай шығармаларына зер салғанды жаны ұнатады. Қазақтың кемеңгер тұлғасының қиялынан туған әрбір дүние халқымызға орамды ой салатыны анық. Дала данышпаны замана тынысын тап басып, қоғамның өзекті мәселесін халықтың талқысына салады. Бұл – әрбір қазақ үшін басты талап. Кемшілігін түзеп, алға қадам басудың алғышарты ретінде санау артық емес.

Нұрай жас та болса ақын шығармашылығынан сондай ой түйіп, онда айтылған сан алуан пікірді талғам таразысына тарта біледі. Нұрай келешекте нейрохирург болуды алдына мақсат етіп отыр. Еліміздің медицина саласында жоғары деңгейдегі білікті маман болуды армандайды. Бүгінде сол мақсатта білімін толықтырып, үлкен ізденіс жасап келеді.

ҚазАқпарат

0

Пікір қалдыру