Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында 27 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Қуатамлонмұнай» компаниясының мұнайшылары жалақымыз он жылдан бері көтерілмеді деп наразылық білдірді, деп хабарлайды Экспресс К.

300-ге тарта мұнайшы жұмыстарын тоқтатып, күндізгі сағат 11:00-ден бастап аштық жариялады. Олар аштық жариялау үшін мекеменің спорт залында жиналды. Талаптары орындалмаса, 2 күн бойы жұмыс істемей, аш отырамыз деп бел буыпты. Мұнайшылар компания басшылығына үш талап қойып отыр.

Бірінші 10 жылдан бері көтерілмеген айлығымызды 50%-ға өсірсін. Екінші талабымыз 30 жылдық тәуелсіздігімізге орай 50 АЕК ақша берсін. Соңғы талабымыз компанияның экономисті мен кадр бөлімінің басшысын орынынан босатсын,дейді мұнай бұрғылаушысы Қуат Асқарбекұлы.

Біз бұл шағымымызды бір жылдан бері құзырлы орган өкілдеріне де, компания басшылығына да айтып келеміз», — дейді мұнайшылар. Алайда әлі күнге дейін нәтиже болмапты. Сондықтан аштық жариялаудан басқа амалдары қалмаған. Қазір мұндағы ауыр жұмысқа жалданғандардың ең төменгі жалақысы 80 мың, ең жоғарғы жалақы 130 мың теңге көлемінде. Алайда қыстың суығына, жаздың аптабына қарамай жұмыс істейтін мұнайшыларға бұл жалақымен күнелту мүмкін емес дейді наразы топ.

«Қызылорда облысының еңбек саласындағы бақылау басқармасы және облыстық кәсіподақ ұйымы өкілдері Қуатамлонмұнай БК ЖШС жұмыскерлерімен кездесіп, ҚР заңнамалары түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Серіктестік жұмыс берушісі мен жұмыскерлер өкілдерімен татуластыру комиссиясы құрылып, ұжым жұмыскерлерімен жалақы мөлшерін көбейту және т.б. көтерілген мәселелер қаралуда. Қазіргі таңда, еңбек ахуалы тұрақты, №1 вахта жұмыскерлері өз жұмыстарын жалғастыруда, ал №2 вахта жұмыскерлері үйлеріне қайтты», – делінген облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының ресми мәлімдемесінде.

Тағы да оқыңыз: