Қызылордалық дәрігерлер отадан кейін ауыр халге түскен әйелдің қазіргі жағдайын айтты – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылордалық дәрігерлер отадан кейін ауыр халге түскен әйелдің қазіргі жағдайын айтты

24.12.2019, 10:40

923 0

Kyzylorda-news.kz. Апта басында едел-жедел ұйымдастырылған баспасөз конференциясының өтуіне облыстағы денсаулық сақтау саласындағы біршама түйіткілді мәселелер түрткі болды. «Facebook» әлеуметтік желісінде аталған салаға байланысты біршама мәселелер көтерілген болатын. Олардың қатарында қала емханаларындағы жұмыс жайы мен жуырда ғана босанған қала тұрғыны, 30 жасар Күлайша Нұрғалиеваның да ауыр халі сөз болды.

3 желтоқсан күні «Facebook» әлеуметтік желісінде қала тұрғыны Үміт Тасанова қызылордалық журналистерден көмек сұраған. Ол өзінің әпкесінің жағдайын жазып, дәрігерлерге сауал жолдаған болатын.

«Туған апам Нұрғалиева Күлайша 3 желтоқсан күні кесір тілігімен ауыр жағдайда ұлын босанып еді. Қазіргі жағдайы өте ауыр. 14 желтоқсанға дейін температурасы түспей, МРТ қорытындысымен екінші операция жасалды. Екінші операцияда жатырының не үшін алып тастағанын оның жолдасына, бауырларына неге ескертпеген?» деген мазмұндағы өтініш БАҚ өкілдерін бей-жай қалдырмады.

Баспасөз конференциясында сала мамандарына сауал жолдап, мәселенің мән-жайын нақтылаған болдық.

Облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Гүлнар Жұмашева өз сөзінде науқастың уақытынан ерте босанғанын айтты.

«Науқастың жағдайына байланысты жасалған үшінші ота сәтті өтті. Науқаста 5,4 гематома болған, оны эвакуциялады. Сонымен қатар ішек жолдары жабысқан. Қан көп жоғалтқан жоқ. Қазіргі таңда анализдері қалыпты. Бүгінде науқастың жағдайы отадан кейінгі жағдайға сәйкес жүруде. Жолдасы мен бауырларына келуге рұқсат етілуде. Ол жағынан еш шектеу жоқ. Жалпы, науқас жүктілік кезінде емхана дәрігерлеріне бас ауруына шағым айтқан. Дәрігерлер оған МРТ-ға түсуге кеңес бергенімен, ол бұл тексеруден өтпеген», – дейді бас дәрігер.

Күлайша Нұрғалиева жүктіліктің  35-аптасында, яғни уақытынан ерте босанған. Оған себеп баланың өміріне қауіп төнген.

«Жүктіліктің 35-аптасында баланың жолдасынан ажыраған. Осыған сәйкес дәрігерлер жедел ота жасап, баланы аман алып қалды. Осы мәселеге орай әлеуметтік желіде «Неге дәрігерлер жауап бермейді?» деген секілді сауалдар қойылды. Осы орайда айта кету керек, науқастың сырқатын көпшілікке таратуға дәрігердің құқы жоқ. Ол үшін науқастың өзінен немесе туыстарынан рұқсат керек. сондықтан дәрігерлер дер кезінде пікір білдіре алмады. Ал дәл қазіргі жағдайда біз науқастың өзінен де, жолдасынан да оның жағдайы туралы баяндауға рұқсат алынды», – дейді Гүлнар Жұмашева.

Дәрігерлер науқастың мұндай халге түсуіне өзінің денсаулығында бұған дейін кінәрат болғанын айтады.

«Науқасқа бұған дейін 2 ота жасалған. Былтыр жүктіліктің бұзылуы салдарынан бір ота жасалса, оған дейін соқыр ішек болған екен. Оның барлығы ішектердің жабысуына, жатырдың қабынуына әкеп соғатын факторлар. Сонымен қатар ол бұған дейінгі 2 баласын да уақытынан бұрын босанған. Оған себеп тағы да жатырішілік қабыну процестері болып отыр. Соның салдарынан соңғы жүктілік кезінде жасалған отадан кейін ішінде қабыну, тіккен жерлерінде біту процессі нормадан ауытқыған. Сондықтан науқастың жағдайы күрт нашарлап, екінші ота жасауға тура келген», – дейді дәрігер.

Жалпы дәрігерлердің айтуынша, отадан кейін адам денсаулығының қалыпқа келуіне оның қан аздығы да  әсер етеді. Ал Күлайша Нұрғалиева 10 жылдан бері қан аздықпен емхананың тіркеуінде тұр.

«Үшінші жүктілік кезінде де қан аздықпен тіркеуге алынған. Сонымен қатар бронхит сырқатына қарсы ем алған. Мұның барлығы отадан кейін науқастың денсаулығының күрт нашарлауына әкеп соқты. Бірақ қазіргі таңда науқастың жағдайы қалыпты», – дейді Гүлнар Жұмашева.

Айта кетейік, бұған дейін аймақта бір жасқа дейінгі балалардың шетінеу дерегі көптігі туралы хабарлаған болатынбыз.

Динара МАХАНОВА

0

Пікір қалдыру