Kyzylorda-news.kz. Осыдан он жыл бұрын «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылорда қаласының Сырдария шағын ауданында 320 балаға арналып, 16 топты қамтитын «Алтын ұя» балабақшасы ашылды. Балабақшаның ашылу салтанатына Елбасы Н.Назарбаев қатысты.

«Алтын ұяға» 2009-2015 жылдар аралығында Баршагүл Өтемұратова басшылық жасады.

Мектеп жасына дейінгі балалардың жас ерекшеліктері мен жеке мүмкіндіктеріне сәйкес білім, білік және дағдыларын, рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясына негізделген жалпы адамзаттық құндылықтарға, ұлтжандылыққа және толеранттылыққа тәрбиелеу мақсатында балабақшада 94 қызметкер жұмыс жасайды, оның ішінде педагог қызметкерлер саны – 47.

Балабақша – баланың жүйелі түрде білім-тәрбие алатын ең алғашқы қоғамдық ошағы. Балаға беретін тәлім-тәрбиесінің тағылымы сол балабақшада қызмет ететін педагогикалық ұжымға, нақтырақ айтар болсақ, тәрбиеші-педагогтарға байланысты. Қазір тәрбиешілер бірнеше инновациялық технологиямен жұмыс жасайды.

Педагогтар «Тәй-тәй», В.Воскобовичтың ойын әдісі, ақпараттық-коммуникативтік технология, Д.Кюизенер таяқшалары, Фридрих Фребель материалдары, Б.Никитин технологиясы, ойын технологиясы, М.Монтессори педагогикасы, жобалау технологияларын оқу-тәрбие процесінде балалардың бірегей қабілеттерін дамытуда кеңінен қолданады.

Қаламыздағы басқа балабақшалардан ерекшелігі – бассейн, үйірмелер жұмыс істейді. Балалар танымдық дағдыларын дамыту үшін «Робототехника», «Интеллектум ойындары» үйірмелеріне қатысады.

Қызылорда қаласының педагогикалық шеберлік орталығы филиалында «Жаңартылған білім мазмұны» тақырыбында білім жетілдіру курсы ұйымдастырылып, онда 6 тәрбиеші білім жетілдірді. Өйткені тәрбиеші – суретші, әртіс, әдебиетші, ақылшы, ДОС және бала жанын бағамдар психолог.

Бүгінде «Оқу ісінің үздігі» жоғары санатты педагог Зафура Ерназарова басқарып отырған «Алтын ұя» бөбекжай-бақшасы – сенімге ие болып келе жатқан

тәрбие мен білім ұясы. Бөбекжай-бақшасындағы бала бақытын аялаған педагогтар жайлы айтсақ, Ақсұлу Ахметова – қазір зейнеткер, немерелерін тәрбиелеп отырған бақытты әже. Жас мамандарға ақылшы ұстаз болып жүрген жоғары санатты тәрбиеші Қанткүл Аяпова мен жоғары санатты музыка жетекшісі Зина Бердібекованы жастар үлгі тұтады. Шығармашылықпен жұмыс жасап жүрген үлгілі педагог-тәрбиешілер Ақманат Бегжанова, Гүлсім Сағындықова, Айгүл Қалдыбекова, т.б. – еңбексүйгіштігімен ерекшеленген І санатты ізденімпаз тәрбиешілер. Озық идеяларымен облыс және қала көлеміне танымал болып жүрген Мақпал Көшкімбаева – қалалық «Үздік тәрбиеші-2014» және облыстық «Үздік тәрбиеші-2015» сайыстарының жеңімпазы. Фариза Әлиева 2017 жылы қалалық «Үздік тәрбиеші-2017» байқауына қатысып, бас жүлде иеленді.

Гүлнұр Оразбаева қалалық, аймақтық «Үздік жас тәрбиеші-2015» байқауында II орынды иеленді. Облыстық білім басқармасы оқу орталығы ұйымдастыруымен өткен «Көшбасшы әдіскер, креативті тәрбиеші, дарынды бала» конкурсында «Креативті тәрбиеші» номинациясын жеңіп алды. Осы шығармашылық апталығында үздік дидактикалық материалдар көрмесіне өзінің қолдан дайындаған панносымен «Шығармашыл тәрбиеші» номинациясын Қанзира Хиноятова иеленді. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ұйымдастыруымен «Балабақша педагогтарының кәсіби құзыреттілігін жетілдіру жолдары» тақырыбындағы облыстық онлайн-семинар жұмысына қатысып, үздік идеялары мен тәжірибесі таратылды.

Балабақшаның педагог-психологы Ғалия Жүнісова былтыр қалалық «Үздік педагог-психолог» байқауына қатысып, I орын иеленді. Оның «Таным» білім беру саласы бойынша ерте жастағы балалардың психологиялық ерекшеліктері» тақырыбындағы іс-тәжірибесі республикаға таратылды. «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесінің тұрақты дамуы: Казіргі заманғы тенденциялар, отандық тәжірибе, келешегі» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясының материалдар жинағына еніп, өзінің әдістемелік құралын дайындады.

Гүлсім Сағындықова – І санатты ізденімпаз тәрбиеші. 2017 жылы Ақтөбе қаласында «Білім берудің заманауи әдістері мен технологиялары: Балабақша-мектеп-ЖОО» тақырыбындағы IV республикалық ғылыми-практикалық конференцияда «Мектеп жасына дейінгі баланы оқыту мен тәрбиелеуде Б.Никитиннің дамытушы ойындарының маңызы» тақырыбындығы баяндама оқып, II орынды иеленді. Ол 2017 жылы қалалық «Үздік тәрбиеші-2017» байқауында жүлделі І орын алған еді.

Айгүл Қалдыбекова – қалалық педагог­ тардың шеберлігін арттыру филиалында тәрбиешілерге жаңартылған білім мазмұны бойынша дәріс беріп жүрген педагог-тренер. Былтыр қалалық білім бөлімінің ұйым­ дастыруымен «Креативті тәрбиеші-2018» байқауына қатысқан Назерке Жұманова I орынға лайық деп танылды. Облыстық оқу орталығының ұйымдастыруымен «Үздікциклограмма» байқауына Әлия Төребай қатысып, «Білім беру салаларын кірік тіру» номинациясымен марапатталды. Қалалық «Үздік ән-әуез жетекшісі» байқауына қатысқан Эльвира Абдраманова ІІ орынды иеленді. «Үздік дене шынықтыру нұсқаушысы» конкурсына қатысқан Нұрхан Жақыпов бас жүлдеге ие болды.

Шығармашыл, ізденімпаз педагог-тәр­ биешілер жұмысының нәтижесі, әрине, балалардың жетістіктерімен өлшенуі заңды. Алтынұялық бүлдіршіндер де халықаралық, республикалық және облыс, қала көлеміне танылып жүр. Атап айтатын болсақ халықаралық «Таңғы шұғыла», «Ай-сәулемай», «Бейбітшілік әлемі», «Жұлдызды талант – Звездный талант» фестивальдарына қатысып бас жүлде, І дәрежелі, ІІ дәрежелі дипломдармен марапатталып келеді.

Биыл «Бейбітшілік әлемі» халықаралық фестивалінде «Ән» жанры бойынша Ақзияш Жанат, Анель Сыдық, Раяна Ибадулла және Айбибі Бахытжан қатысып жүлделі І орын иеленді.

Мектепке дейінгі шақ – адам өміріндегі ең маңызды кезең. Өйткені осы кезде баланың бойындағы табиғи дарын жан-жақты дами бастайды. Сондықтан осы шақта балалармен жан-жақты жұмыс жүргізілсе, нәтижелі болады. Тәрбиелі, білімді ұрпақ балабақшадан мектепке дайын шәкірт болып шығады.

Балабақша – барлық тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы іспеттес. Мұндағы тәрбие мен білім балалардың табиғи мінезін, қабілетін ерте жастан дамытады. Бала – болашағымыз, бала – қуанышымыз. Ендеше мектепке дейінгі үздіксіз тәрбиемен, біліммен қамтуды басты мақсат тұтқан «Алтын ұяның» алғашқы онжылдықтағы қомақты табыстарын мақтанышпен айта аламыз.

Тағы да оқыңыз: