Kyzylorda-news.kz. Мемориалды ескерткіш Қызылорда қаласы «Арай» мөлтек ауданында орналасқан. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші.

Ескерткіш 1998 жылы 1930-1940 жылдары саяси жазалау құрбандарының жерленген орнында орнатылған. Оның биіктігі – 10 метр. Ескерткіштің авторы – архитектор Мәлік Сапарғалиев.

Қаңқа негізінде қаңылтыр табақтарынан жасалған қуыс металды элементтердің үстіңгі бөлігінде қосылған үшбөлікті құрылыс астына қарай үш сәулелерімен тарқалады және бетоннан жасалған стилобатқа негізделген. Бетонды стилобаттың ортасында гранит тақта орнатылған. Тақтайшада көгершіннің бейнесі және 97 саны, сонымен бірге қазақ және орыс тілдерінде – «Год согласия и памяти», «Татулық пен еске алу жылы» деген сөздер қашалып жазылған. Мемориалды ескерткішке 2017 жылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Ескерткіш бүгінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында «Өңірлік қасиетті нысандар» тізіміне енгізілген.

Қызылорда облысы тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасы берілген арнайы сайтта (www.virtualmap.xyz) нысан туралы толық ақпарат бар.

Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Сонымен қатар молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады. Халықтың қамын жеген ұлт қайраткерлерінен сескенген тоталитарлық билік өкілдері тығырықтан шығар жолды іздеді. 1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке Ф.И.Голощекиннің келуі елде орын алып отырған жағдайды одан бетер ушықтырды. Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, онда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Кіші Қазан төңкерісін қайта жасап, халықты ұжымдастыруға шақырды. Әр тап өкілдерін теңестіруді көздеп қазақты малынан айырды. Нәтижиесінде 1931-1933 жылдары жаппай ашаршылық орын алып, қазақ халқының саны 49 пайызға кеміді. Одан кейінгі жаппай жазалау кезеңі 1937-1938 жылдары жалғасып Қазақ зиялыларын түрмелерге жауып, кейін ату жазасына кесілді.

1930 жылдары Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Нақ осы жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған. Жалпы 1930-1953 жылдары аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға ұшыраған. Әсіресе бұл заңсыз жазалауға Кеңес Одағы құрамында болған барлық халықтар мен ұлттардың бетке ұстар интелегенция өкілдері ұшыраған. Ал Қазақстан аумағында орналасқан лагерлерге корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударылған.

Тағы да оқыңыз: