Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Әскери-техникалық мектебінің» Қызылорда қаласындағы филиалы 2021 жылдың кезекті 26 курсантын қабылдады.

Ағымдағы жылдың сәуір айында Қызылорда қаласы әскери-техникалық мектебінің 26 сарбазы санитарлық эпидемиологиялық талаптар мен нормаларды сақтай отырып, өздерінің Отан алдындағы борышын өтеудің алғашқы қадамдарын бастады. Сарбаздар алдағы бір айдан астам уақыт ішінде әскери тәртіппен танысып, жоспарға сай тиісті жауынгерлік даярлықтарын шыңдайды. Жетілдірген әскери теориялық білімдерін іс-тәжірибеде қолдануға да уақыттары жетерлік. Қаруды қалай қолдану керектігі мен тактикалық дайындықты меңгерген соң, әскери ант қабылдау рәсіміне дейін екі мәрте қарудан оқ атып тәжірибеден өтеді. Оқуларын бастағандарына бір апта толмаса да, зерек, әскери тәртіпке бейім және ынта – жігері жоғары курсанттар көп.

«40 күн ішінде әскери өмірдің барлық қыр – сырын білуге, әскери тәртіпті үйренуге сенімдімін. Жинаған әскери білімім мен тәрбиемді Отан қорғау саласына пайдалануға әзірмін. Еліміздің Қарулы Күштеріне қызмет ету әрбір ел азаматының міндеті деп ойлаймын», – деді әскери – техникалық мектептің курсанты Айсұлтан Әбдірәшітұлы.

Аталған әскери-техникалық мектепте жас өрендердің әскери өмірдің қыр – сырын меңгеруіне мүмкіндіктері көп. Курсанттар алдағы уақыттарда көптеген қосымша іс – тәжірибелік сабақтардан өтеді. Әскери мектеп оқытуды сапалы ұйымдастыру үшін барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сабақ беретін мұғалімдердің білімі мен біліктілігі, сондай-ақ курсанттармен жұмыс істеу тәжірибелері де жоғары.

«Атқыш» мамандығын меңгеріп шығатын, осы жылдың мамыр айының соңында Отан алдындағы әскери антын қабылдайтын жас өрендеріміз Қарулы Күштерімізге қызмет етуге сақадай сай. Бұл – мектепті тәмамдап отырған түлектердің соңғы легі емес, алдағы уақытта да Отанға адал қызмет ететін мамандарды қабылдайтын болады.

Тағы да оқыңыз: