Kyzylorda-news.kz. Қызылордада “Мал ұрысы” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында жоғалған 34 бас мал табылып, иелеріне қайтарылды.

15 қарашадан бастап Қызылорда облысы көлемінде “Мал ұрысы” жедел-профилактикалық іс- шарасы басталды. Аталмыш шараға Қызылорда облысы Полиция департаментінің 200-ден астам қызметкері, сондай-ақ Ветеринария басқармасының қызметкерлері жұмылдырылды.

Іс-шара барысында облыс көлемінде мал тасымалдаған 355 автокөлік тексеріліп, оның ішінде 59 автокөліктің жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы бойынша (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) құжаттар жинақталып, Ветеринария басқармасына шара көру үшін жолданды. Нәтижесінде, барлығы 1 487 670 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар, мал шаруашылығымен айналысатын 165 шаруа қожалықтары тексеріліп, ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу) 205 хаттама толтырылса, екі шаруа қожалығына 17 502 теңге көлемінде айыппұл салынды.

– Түскен арыз бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 1-бөлігімен (Мал ұрлау) қылмыстық іс қозғалды. Жедел жұмыстар жүргізу барысында жедел уәкілдермен іздестіру барысында жоғалған мал Айнакөл ауылы Жаманкөл жиегіндегі жайылымдық жерде жайылып жүрген жерінен табылып, иесіне қайтарылды. Мал ұрлығының алдын алу үшін тұрғындар малдарын түгелдей сырғалатып, таңбалап, құжаттарын ретке келтіруі қажет. Сондай-ақ, малдарды жайылымға қараусыз жібермей, пада ұйымдастыру қажет. Бүгінде мал ұрлығының алдын алу бағытында полиция қызметкерлері тарапынан қажетті шаралардың барлығы атқарылып келеді, – дейді Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Сұлтан Бектөре.

Тағы да оқыңыз: