Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ мекемелеріндегі жазасын өтеушілер жұмыспен қамтылған.

Бүгінгі таңда ЗК-169/5 мекемесіне кәсіпкерлерді тарту мақсатында атқарылған іс аз емес. Нәтижесінде,  мекеменің өндірістік  аймағында 13 кәсіпкер жұмыс жасап, 232 сотталғанды жұмыспен қамтып отыр. Онда сотталған азаматтар әк өндіру, нан цехы,  газоблок, кірпіш, құм блоктарын өндіру, колөнер мен аяқ киім тігумен айналысады.

Мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің инспекторы әділет аға лейтенанты Т.Тлеубекованың айтуынша, мекеменің өндірістік  аймағында сотталғандарды келісім шарт негізінде жұмыспен қамтып отырған  ЖШС «Ержас-2013»  күніне 300 дана газоблок өнімдерін шығарып жатыр.

«Өндіріс орнында жұмыс жасап жүрген 12 сотталған жұмыс істеп, мемлекет алдындағы, жеке тұлға алдындағы берешектерін өтеп, туған-туыстарына көмектесіп жатқандар да бар. Олар арнайы киіммен толық қамтамасыз етіліп, техникалық қауіпсіздік шаралары қатаң сақталған», – дейді әділет аға лейтенанты Т.Тлеубекова.

Осы өндіріс орында 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жазасын өтеуші Бауыржанды сөзге тарттық. Газоблок шығаруда да төзімділік пен табандылық керек дейді ол. Оның айтуынша  газоблок өнімін шығаруға көп шикізат та қажет емес екен. Цемент пен кәдімгі құм, каучук содасы және алюминий ұнтағы.

«Қазандыққа цемент, құм, каучук содасы мен алюминий ұнтағын қосып араластырамыз. Арнайы қалыпқа дайын өнімді құйып 1 тәулікке қоямыз. Каучук содасы мен алюминий ұнтағының көмегімен өнім 35 см дейін өтеріледі. Цехтың температурасы 36-40градус болуы қажет. Бір тәулікте қалыпқа құйылған газоблок қатып қалады. Газоблоктың биіктігі 30 см, ені 20 см, ұзындығы 60 см болады. Тұрғындар арасында кең қолданысқа ие бұл өнім жылуды жақсы ұстап тұрады  және берік, мұны көпшілік тұрғын үйге пайдалануда. Жалақымыз уақытылы төленеді. Осы жұмысты жасай жүріп, мемлекетке келтірген шығынды толық өтедім. Отбасылымен 2 балам бар, жалақымның бір бөлігін отбасыма жіберіп отырамын», – дейді Бауыржан.  

Есірткі бабымен  істі болып, 13 жылға сотталған Бауыржан тезірек бостандыққа шықсам дейді. Газоблок өнімін шығарудың қыр-сырын меңгерген ол бостандыққа шыққан соң, жеке кәсіп ашсам деген арманын айтты.

Сотталғандар бос уақытын тиімді өткізіп, істеген еңбектерінің жемісін жесе, мекеме тәрбиелеудің тиімді жолын еңбекпен ұштастырып отыр.

Тағы да оқыңыз: