Kyzylorda-news.kz. Қызылордада жазасын өтеушілер көкөніс өсіріп жатыр.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесі сотталғандардың еңбек етуіне мүмкіндіктер қарастырылған.

Мекеме әкімшілігі бас бостандығынан айырылғандарды түзеу мекемесі аумағында жеке кәсібін ашуға шақырып, жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтуда. Соның нәтижесінде мекеменің өндіріс аумағынан кәсіпкер Жақсыбай Есбергенов жылыжай кешенін ашты. Аумағы 350 шаршы метр жерге шілде айында қызанақ, қияр, болгар бұрышы, аскөк тұқымы егіліп, қазіргі таңда өнімін беруде.

Кәсіпкердің айтуынша, жылыжайда барлық жағдай жасалған. Жылыжайдың ішіндегі температура 25-26 градусқа дейін жетеді. Жылыжайдың ішіне жылу батареялары орнатылып, тоқ көзін үнемдейтін жарық шамдар қондырылған. Орталықтандырылған жүйеден су құбыры тартылған. Жазасын өтеуші азаматтардың ынталы еңбек етуі арқасында жақсы өнім беріп, шыққан өнімдер сауда орындарына жеткізілуде.

«Жаза басып, жаңылып, абайсызда қылмыс жасап, жазамды осы мекемеде өтеп жатырмын. Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің қызметкерлері жылыжайға жұмысқа орналастырды. Егіншілікке біртабан жақынмын. Бостандықта бау-бақша өсірумен айналысқанмын. Соның әсері шығар, қияр, қызанақ өсіру маған таңсық емес. Баптап, күтіп, уақытылы суарып отырса, өнімі жақсы береді. Жылыжайда қысы-жазы жұмыс жасаймыз. Айлық жалақымыз да уақытылы, мемлекет алдындағы берешегімнен артылғанын отбасыма жіберіп отырмын», – деді сотталған.

Тағы да оқыңыз: