Қызылордада жасөспірімді масаң күйге жеткізген азамат 5 күнге қамалды – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылордада жасөспірімді масаң күйге жеткізген азамат 5 күнге қамалды

15.10.2021, 18:00

587 0

Kyzylorda-news.kz. Қызылордада жасөспірімді масаң күйге жеткізген азамат 5 күнге қамалып, арақ сатқан дүкеншіге айыппұл салынды.

Арал ауданының тұрғыны 39 жастағы азамат 2006 жылы туған жасөспірімге ақша беріп, дүкеннен бір шыны арақ алдырып, оған алкогольдік ішімдік ішкізіп, масаң күйге жеткізген. Азаматқа жасаған құқық бұзушылығы үшін Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 131-бабымен әкімшілік хаттама рәсімделіп, жинақталған құжаттар сотқа жолданған.

Сотта азамат өз кінәсін толықтай мойындап, істеген іс-әрекетіне өкініп, енді қайталамайтынын көрсеткен.

Жоғарыдағылардың негізінде Арал аудандық сотының 12 қазан 2021 жылы шыққан қаулысымен құқық бұзушы азамат ҚР ӘҚБтК 131 бабымен кінәлі деп танылып, оған 5 (бес) тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалды. Сонымен қатар, құқық бұзушы Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігінің 29.12.2015 жылғы №1098 «Ішкі істер органдарының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының қызметін ұйымдастыру қағидалары» бұйрығының талаптарына сай, кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылықтар немесе басқа да қоғамға қарсы әрекеттер жасауға тартатын адамдар санатымен ішкі істер органдарының есебіне алынды.

Ал, кәмелетке толмағанға алкоголь өнімін сатқан азық-түлік дүкенінің сатушысының әрекеті ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы 1-бөлімімен (Жиырма бір жасқа дейінгі адамдарға алкоголь өнімін өткізу) дәрежеленіп, сот қаулысымен құқық бұзушы кінәлі деп танылып, оған 20419 (жиырма мың төрт жүз он тоғыз) теңге айыппұл салынды.

0

Пікір қалдыру