Kyzylorda-news.kz. 10 қаңтардағы ақпарат бойынша Қызылорда облысында зардап шеккен кәсіпкерлік нысандардың саны 26-ға жетті.

Кәсіпкерлер палатасы мен облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына хабарласқан бизнес өкілдері залалдың жалпы сомасы 395,4 млн теңгені құрайтынын жеткізді.

«Қызылорда қаласында «Компас», «Sinooil», «ГазЭнерджи» жанар-жағар май бекеттеріне, «Сұлтан», «Фристайл», «Бірлік», «Аль-асад» сауда үйлерінің ғимараттарына, төлем терминалдарына, М-ломбардтың ғимаратына залал келтіріліп, мүліктерін (азық-түлік, алтын бұйымдары, ақша) тонау фактілері орын алған. Келтірілген залалдың көлемін нақты айту қиын. Дегенмен Палата мен облыстық басқармаға хабарласып, өтініштерін қалдырып жатқан кәсіпкерлердің сөздеріне сүйенсек, залалдың жалпы сомасы 395,4 млн теңгені құрайды. Шығындар әлі де болса есептелуде. Байланыс түзетілген соң, біз кәсіпкерлермен хабарласып, толық ақпарат пен дәлелдейтін құжаттарды аламыз. Сондықтан, кәсіпкерлерден залалды дәлелдеу үшін барлық деректерді фото және видео арқылы тіркеуді сұраймыз», – дейді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Республика көлемінде «төтенше жағдайдың» жариялануына байланысты Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы, аумақтық комендант – Бектөре Сұлтанның 2022 жылғы 8 қаңтардағы №4 Бұйрығына сәйкес Қызылордада коменданттық сағат енгізілді (сағ. 23.00-ден 07.00-ге дейін). Бұйрыққа сай:

– облыс көлемінде азық-түлік дүкендері және дәріханалардың жұмыс уақыты сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін;

– облыс көлемінде алкогольдік өнімдердің сатылуына тыйым салынды:

– облыс көлемінде кафе-барлар, мейрамханалар, қоғамдық моншалар, сауналар, спорттық ұйымдар, ойын-сауық орталықтарының жұмысына тыйым салынды.

Аталған бұйрықтың орындалу мерзімі жағдай тұрақталып, арнайы шешім қабылданғанға дейін күшінде сақталады.

«Мүмкіндікті пайдаланып, қала тұрғындары мен қонақтарына, кәсіпкерлерге қауіпсіздік шараларын, коменданттық сағатты қатаң ұстанып, тәртіпті сақтауға шақырамын. Президентіміздің саяси ұстанымының және тиімді шешімдерінің нәтижесінде елімізде тыныштық орнап, қалыпты өмірімізге қайта ораламыз деп сенемін», – деді Ғалымбек Жақсылықов.

Орын алған оқиға барысында зардап шекккен кәсіпкерлер Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына мына нөмірлер бойынша хабарласа алады: 8 701 779 90 90, 8 777 454 98 12, 8 777 647 24 44, 8 777 456 30 90, 8 705 600 69 93, 8 701 929 11 13, 8 702 530 69 33, 8 777 259 43 73.

Тағы да оқыңыз: