Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында есірткі затын анықтау, тасымалдаушылардың жолын кесу жұмыстары тиянақты орындалуда. Полицейлер осы бағытта тынбай еңбек етіп келеді.

Аймақта жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымына байланысты сотқа дейінгі тергеп тексеру бойынша 30 құқық бұзушылық тіркелді. Оның 8-і есірткі затын сату, 1-і есірткіні жарнамалау дерегі болып отыр. Сонымен қатар ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабында (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) көзделген қылмыстық теріс қылықтың 20 дерегі анықталған.

Есірткіге тосқауыл қою үшін біршама іс-шаралар атқарылуда. Есірткінің заңды айналымы саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында биыл 22-26 ақпан аралығында «Дәрмек» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Шара барасында Қызылорда облысы аумағында 16 дәріхана, 1 қойма және 5 денсаулық сақтау саласындағы мекемелері тексеріліп, есірткі өткізудің 3 дерегі және ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 427-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтың 8 дерегі анықталды.

«Есірткі  сату  және  тағы да  басқа  есірткі  заттарына  байланысты  жасалып  жатқан  қылмыстар  мен  құқық  бұзушылықтар  жайлы  хабарламаларды  қабылдау  үшін Қызылорда облысының Полиция департаменті  Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасында   27-55-42  «Сенім  телефоны»  номері жұмыс атқарады»,- деп атап өтті Департамент бастығы полиция полковнигі Сұлтан Бектөре.

Тағы да оқыңыз: