Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қалалық Полиция басқармасы Ақсай полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында автокөліктерден ұрлық жасады деген күдікпен 36 жастағы қызылордалықты ұстады.

Тергеу барысында күдіктінің күндізгі уақытта тұрғын үйдің ауласында бейне-бақылау камераларының, дабылдың жоқтығын пайдаланып, «Ауди» маркалы автокөлігінің есігін кілт іріктеу арқылы ашып кіріп, ішінде тұрған әмиян ішінен ақшасы мен ұялы телефонын ұрлап кеткен.

Араға бір апта салып ол тағы бір көліктен ұрлық жасаған. Ер адам автокөліктің терезесін сындырып, зат салғыш ішіндегі әмиянын ұрлап кеткен.

Әдетте, қаскүнем дабыл жүйесі жабдықталмаған және иелері күзетілмеген тұрақтарда қалдырған көліктерді таңдаған. Ол ұрланған ақшаларды өз қажеттілігіне жұмсап, ұялы телефонды сатып жіберген. Бұрын әкімшілік істерге қатыстылығы бар күдікті өз кінәсін толықтай мойындады, оның осыған ұқсас тағы бір қылмысқа қатыстылығы анықталды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, іс сотқа жолданды.

Автокөліктердегі ұрлықтың алдын алу мақсатында Қызылорда қаласының Полиция басқармасы көлік құралын күзет дабыл жүйесімен жабдықтауды, бейнебақылау камераларымен қамтылған, жарық жерлерге немесе күзетілетін автотұрақтардың аумағында көліктерді тұраққа қоюды ұсынады.

Тағы да оқыңыз: