Kyzylorda-news.kz. Елбасының жарлығымен 1995 жылы 19 қазанда ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Содан бері дәл осы күн құтқарушылардың кәсіби мерекесі болып белгіленді. Биыл құтқару қызметінің құрылғанына − 26 жыл. Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қайрақбаев құтқарушы мамандығының маңызы жайлы айтты.

«Табиғи құбылыстар мен техногендік сипаттағы апаттардың қаупін азайту мәселесі мемлекеттің басты назарында. Бүгінде облыс бойынша 800-ден астам құтқарушы бар. Құтқарушы мамандығының басты міндеті − адам өмірін қауіп-қатерден құтқару. Бұл жоғары және жауапты миссия. Апат айтып келмейтіні рас. Тосыннан болған апат кезінде азаматтарға бірінші болып көмекке келетін төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері облыс аумағындағы барлық төтенше жағдайлар мен өрт оқиғалары кезінде тәулік бойы тиісті жұмыстарды атқарады. Биыл төтенше жағдайлардың салдарын жою мақсатында 2153 жағдай тіркелді», – деді департамент бастығы Руслан Сламбекұлы.

Одан әрі облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Әлиев сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

«2020 жылдан бастап Мемлекет басшысының жарлығымен елімізде төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылды. Құтқарушылардың жұмысы өте күрделі. Себебі кәсіби борышын өтегенде өліммен бетпе-бет келетін сәттері көп болады. Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, құтқарушылардың мерейін асқақтатуға үлкен үлес қосып жүрген ардагерлерімізге алғыс айтамыз. Барша құтқарушыларды айтулы мерекелерімен құттықтаймын», – деді Бағдат Исламбекұлы.

Тағы да оқыңыз: